Ауылдықтарды жол мен су мәселесі қинайды
Ауылдықтарды жол мен су мәселесі қинайды
318
оқылды
Солтүстік Қазақстан об­­лы­сының Жамбыл ауданы тұр­ғындарының бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жат­қан мәселелері шаш етектен. Жамбылдықтарды, әсіресе жол және су мәселесі қинай­ды. Осы және басқа да қиын­дық­тары туралы «AMANAT» пар­тиясы облыстық фи­лиа­лының азаматтарды мо­бильді қабылдау бары­сында айтылды. Жаңажол ауылының тұрғында­ры ауылға су және газ жеткізу мә­селесін көтерді. «AMANAT» пар­тиясы облыстық филиалының ат­қарушы хатшысы Әсем Рахметова­ның айтуынша, қазір бұл ауылға су құбырын тарту үшін жобалау-сметалық құжаттама дайын, енді қаржыландыру күтіп отыр. Су құ­быры биылдан қалмай іске қо­сылады деп жоспарланған. Ал газ жеткізу мәселесіне қатысты бү­гінде Жамбыл ауданында көгілдір отынды жеткізумен және сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал Мирное ауылының тұрғын­да­ры болса, ұялы байланыс­тың әлсіздігі туралы мәселе кө­терді. Ауылда ұялы байланыстың сапа­сыз екеніне мобильді қоғам­дық қа­былдау бөлмесі мүшелерінің өздері де көз жеткізді. Бұл мәселені шешу үшін Петровка ауылында телемұнара орнату жоспарланып, со­дан кейін ол байланыс провай­дерлеріне жалға берілмек. Мирное ауылының тұрғындары үшін бірнеше жыл бойы көктем мен күз сайын көршілес орналас­қан Айымжан және Новорыбинка ауыл­дарына жету мұң. Бұған жол сапасының сын көтермейтіні се­беп. Небәрі 27 шақырым жолдың ой-шұңқыры көп. Ауыл тұрғындарының аты­нан Сергей Болдырев осы мәселені облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­ма­­сының өкіліне жеткізді. «Бұл учаскенің жобалық-сметалық құ­жаттамасы дайын. Біз бюджеттік өтінім бердік, мүмкін жазда қар­жы­­ландырылып қалар. Өтінім қана­ғат­тандырылғаннан кейін жазда жолды жөндеуге кірісеміз. Алды­мен топырақтың жоғары қабатын алып тастап, содан кейін орташа жөндеу жүргіземіз», – деді басқар­ма басшысының орынба­сары Қанат Бейсенов. Сондай-ақ Мирное ауылының тұрғындары аудан орталығы Прес­новкаға жету үшін автобус бағытын ашуды өтінді. Бұл мәселені шешу үшін жеке кәсіпкер керек және бағыттың толымдылығы қажет. Сонда ғана облыстық бюджеттен субсидия бөлінбек. Ауылдың мектебі де қаусап тұр екен. Білім ошағын күрделі жөндеу қажет. Алайда алдымен тірек мек­тептер жөнделетіндіктен, Мирное мектебіне қашан кезек келетіні белгісіз. Жамбыл ауданындағы «AMANAT» партиясының СҚОФ мобильді қоғамдық қабылдау бөл­месінің жұмыс барысында партия мүшелері мен атқарушы органдар­дың өкілдеріне 27 тұрғын жүгінді. Ауыл тұрғындары партиялықтарға жер бөлу, әлеуметтік нысандарды жөндеу, дәріхана, тіс емдеу к­а­би­нетін ашу, көшелерді жарықтан­ды­ру және басқа да мәселелер туралы мәселе қозғады. Бес мәселе сол жерде оң шешімін тапты. Қалған мәселелер бойынша кеңес берілді, олардың бір бөлігін партия мүше­лері шешу үшін бақылауға алды.

Солтүстік Қазақстан облысы