Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы тұрғындарының бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелері шаш етектен. Жамбылдықтарды, әсіресе жол және су мәселесі қинайды. Осы және басқа да қиындықтары туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының азаматтарды мобильді қабылдау барысында айтылды. Жаңажол ауылының тұрғындары ауылға су және газ жеткізу мәселесін көтерді. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметованың айтуынша, қазір бұл ауылға су құбырын тарту үшін жобалау-сметалық құжаттама дайын, енді қаржыландыру күтіп отыр. Су құбыры биылдан қалмай іске қосылады деп жоспарланған. Ал газ жеткізу мәселесіне қатысты бүгінде Жамбыл ауданында көгілдір отынды жеткізумен және сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал Мирное ауылының тұрғындары болса, ұялы байланыстың әлсіздігі туралы мәселе көтерді. Ауылда ұялы байланыстың сапасыз екеніне мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесі мүшелерінің өздері де көз жеткізді. Бұл мәселені шешу үшін Петровка ауылында телемұнара орнату жоспарланып, содан кейін ол байланыс провайдерлеріне жалға берілмек. Мирное ауылының тұрғындары үшін бірнеше жыл бойы көктем мен күз сайын көршілес орналасқан Айымжан және Новорыбинка ауылдарына жету мұң. Бұған жол сапасының сын көтермейтіні себеп. Небәрі 27 шақырым жолдың ой-шұңқыры көп. Ауыл тұрғындарының атынан Сергей Болдырев осы мәселені облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкіліне жеткізді. «Бұл учаскенің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Біз бюджеттік өтінім бердік, мүмкін жазда қаржыландырылып қалар. Өтінім қанағаттандырылғаннан кейін жазда жолды жөндеуге кірісеміз. Алдымен топырақтың жоғары қабатын алып тастап, содан кейін орташа жөндеу жүргіземіз», – деді басқарма басшысының орынбасары Қанат Бейсенов. Сондай-ақ Мирное ауылының тұрғындары аудан орталығы Пресновкаға жету үшін автобус бағытын ашуды өтінді. Бұл мәселені шешу үшін жеке кәсіпкер керек және бағыттың толымдылығы қажет. Сонда ғана облыстық бюджеттен субсидия бөлінбек. Ауылдың мектебі де қаусап тұр екен. Білім ошағын күрделі жөндеу қажет. Алайда алдымен тірек мектептер жөнделетіндіктен, Мирное мектебіне қашан кезек келетіні белгісіз. Жамбыл ауданындағы «AMANAT» партиясының СҚОФ мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмыс барысында партия мүшелері мен атқарушы органдардың өкілдеріне 27 тұрғын жүгінді. Ауыл тұрғындары партиялықтарға жер бөлу, әлеуметтік нысандарды жөндеу, дәріхана, тіс емдеу кабинетін ашу, көшелерді жарықтандыру және басқа да мәселелер туралы мәселе қозғады. Бес мәселе сол жерде оң шешімін тапты. Қалған мәселелер бойынша кеңес берілді, олардың бір бөлігін партия мүшелері шешу үшін бақылауға алды.
Солтүстік Қазақстан облысы