Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.
  • Жаңалықтар
    • Басты жаңалықтар
    • Қазақстан
  • Экономика
  • Саясат
  • Әлеумет
  • Жаһан
  • Мәдениет
  • Спорт
  • AMANAT
Нәтижелер жоқ
Барлық нәтижелерді қарау
  • Жаңалықтар
    • Басты жаңалықтар
    • Қазақстан
  • Экономика
  • Саясат
  • Әлеумет
  • Жаһан
  • Мәдениет
  • Спорт
  • AMANAT
Нәтижелер жоқ
Барлық нәтижелерді қарау
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.
Нәтижелер жоқ
Барлық нәтижелерді қарау
Басты бет Әлеумет

Еңбек экс-министрінің еңбегі қандай?

Елдос СЕНБАЙ Елдос СЕНБАЙ
Сәуір 9, 2022
экс-министр

© коллаж: Әсел Балтақызы

776
қаралым

Кеңестік тоталитарлық жүйеде еңбек ведомствосы­ның – Еңбек халық комиссариатының, кейін Әлеуметтік қам­сыздандыру халық комиссариатының төрағасы «аты­латын лауазым» саналатын. Бұл қыздыртпа қызыл сөз емес: еңбек-әлеуметтік наркомдардың көбі атылған. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақ КСР Әлеуметтік қам­­сыздандыру министрлерінің тірі қалу мүмкіндігі артты. Ал тәуелсіз Қазақстанда Еңбек министрі қызметі жақ­сы карьера жасауға жол ашты. Бұл лауазымды бір ие­­ленген тұл­ғалардың көбі саясат сахнасында ұзақ жасай­тыны байқалады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1996 жылғы қарашада осы аттас қос меморганды қосу арқылы пайда болды. Содан бері бұл ведомство елге оң не теріс жағынан та­нылған, қайткенде аты халыққа мәшһүр саясаткерлердің тұтас «жұлдызды» шоғырын шығарды: Наталья Коржова, Әлихан Бәйменов, Гүлжан Қарағұсова, Бердібек Сапарбаев, Гүлшара Әбдіқалықова, Серік Әбденов, Тамара Дүйсенова, Мәдина Әбілқасымова… Осы қатарға Серік Шәпкенов қосылды: ол да мансап сатысымен ары қарай өсіп отыр.

«Маневрлі жігіт»

Осыдан алты жылдай бұрын Шәпкеновтің кім екенін ел біл­мейтін, ол қарапайым ғана мем­лекеттік инспектор болып жұмыс істеді. Ал 2016 жылдың жазында тосыннан Атырау қаласының әкімі болып тағайындалды. Серік – қала тарихындағы ең жас әкім ретінде қалды. Бұл орынтақта 1,5 жылдай ғана отырды, шаһар өмірін, өңі-бейнесін елеулі өзгертуге уақыты жетпесе керек. 2018 жылғы 28 мау­сымнан 2020 жылғы 4 маусым аралығында азғана мерзімге Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

Пандемия қарсаңында, 2020 жылғы 4 маусымда Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау вице-ми­нистрі атанды, келесі 2021 жыл­ғы 18 қаңтарда министрліктің тізгінін қолына алды. Енді 2022 жылғы сә­уірде Атырау облысының әкімі бол­ды. Яғни, батысқа қайта оралды.

Еңбек жолынан көрінгендей, Серік Жамбылұлы бір лауазымда 1-2 жылдан артық тұрақтай бер­мейді. Министр әріптестерінің бірі әзілдегендей, «маневрлі жігіт». Бәлкім, аймақ басшысы орын­тағында бәрі өзгеше болар.

Рейтинг неден хабар береді?

Ел Президенті қойған міндетке сәйкес, билік енді халыққа жақын болуы тиіс: Үкімет «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасын жүзеге асырып жатыр. Осы орайда Ranking сарапшылары азаматтардың арыз-мұңына, шағым-өтінішіне мейлінше ден қоятын, мәселені шеше алатын министрліктердің рейтингін жариялады. Атап өтер жайт, бұрын түрлі рейтинг агенттіктері халық арасында сауалнама жүргізіп, шабылатын. Қазір көшеде әр адам­ның ізінен қуудың немесе үйіне қоңыраулатудың қажеті жоқ. Бар­лық дерек жедел түрде eGov пор­талында нақты графикалардан көрініс береді.

Өйткені қандай да бір ми­нистрдің блогына шағымданған аза­мат проблемасын нақты шеш­кеніне немесе өзгеге сілтеп, сер­гелдеңге салғанына қарап, оған төл бағасын сол жерде береді. Енді қараңыз: жап-жас, әбжіл, пысық министр басқарды деген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі рейтингте аутсайдер қатарында тұр.

«Қазақстандағы 18 министрлік арасында азаматтардың өтінішімен жұмыс істеуде Ұлттық экономика министрлігі дараланып отыр: 2022 жылғы 4 сәуірдегі жағдай бойынша, ведомство өзіне қазақстандықтар­дан түскен 18,9 мыңдай сауалдың 99,9 пайызын өңдеп, жауап берген. Ел сөзіне елп ете қалатындар сана­тында, сондай-ақ ІІМ (99,7 пайыз) және Энергетика министрлігі (99,6 пайыз) бар. Аутсайдерлердің үш­тігіне БҒМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму министрліктері кірді», – делінген Ranking талдауында. Еңбекмині С.Шәпкенов басқарып тұрған шақта жұртшылық өтінішінің тек 94,6 пайызына немесе 60,4 мың өтінішке ден қойыпты. Тағы 3,5 мыңдай арыз-шағым қараусыз қалған.

Әрине, «бұл мәселе біздің ми­нистрліктің құзырына жатпайды» деп жауап қатып, сонымен істі біттіге санайтындары да жетерлік. Сондықтан өтініштердің өңделіп, жауап берілуі ғана емес, сондай-ақ ол жауаптың арыз иесінің мәсе­лесін шешуі аса маңызды. Мәселен, бірінші рейтингте алдына қара салмай, көш бастаған Ұлттық эко­номика министрлігі «азаматтардың берілген жауапқа қанағаттану­шылығы деңгейі» бойынша 4-орын­ға түсіп қалды. Бұл рей­тингте бірінші тұғырға Сыртқы істер министрлігі көтерілді: лайк не дизлайк басқан азаматтардың тек 29,3 пайызы жауап сапасы көңілінен шықпағанын аңғартқан. Ал алдыңғы рейтингте көш со­ңында қалған БҒМ осы тізімде үштікті тұйықтады.

Ендеше Еңбекмині де жауап беруге асықпағанымен, берген жауабын аса сауатты, жан-жақты, құнтты, сапалы түрде ұсынатын бо­лар? Жоқ. С.Шәпкенов басқар­ған тұста министрлік шағымда­ну­шылардың бағасы бойынша тағы да аутсайдерлердің үштігіне кірді: соңынан санағанда Денсаулық сақтау министрлігінен кейінгі 2-орында тұр. Арыз иелерінің 38,6 пайызы дизлайк басыпты, мәселесі шешілмегенін айтыпты.

Әділдік үшін айта кеткен жөн, атауында халыққа қамқорлық ұғы­мы бар бұл министрлікке жүгіне­тін­дердің үлкен бөлігі кредитін «жа­уып» беруді, мемлекет тара­пынан әлеуметтік қолдау көрсетуді, жұ­мыс­қа тұрғызуды және басқа кере­гін сұрайды. Министрлік бұл істе заң­ға, қаптаған қағида-ере­желерге бағынады. Қалтасынан ақша суы­рып, ұстата алмайды. Содан өкпе­ле­ген жұрт дизлайкпен дауыс береді.

Сонымен бірге салада шешіл­меген көптеген проблема бар. Министр блогын кернеп тұрған хаттар содан хабар береді.

Ел неге «ереуіл атқа» ер салды?

Жыл басынан бері, 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбек инспек­торлары 3,2 мыңнан астам жұмыс­кердің құқығын қорғапты. Олар 230 кәсіпорнындағы 4,4 мың жұ­мыскердің 866,4 млн теңгеден астам сомадағы жалақысы бойын­ша берешегі қордаланғанын анық­тады. Орындалуы міндет 134 нұс­қама беріп, 27 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салды. Қабыл­данған шаралар нәтижесінде 3,2 мыңнан астам жұмыскердің құ­қықтары қорғалды. Оларға 752,7 млн теңге төленді.

С.Шәпкеновтің министрлік қызметі күрделі кезеңге тап келді, елді пандемиямен қатар экономи­калық дағдарыс жайлады. Осы кезде елде жұмыскерлердің ере­уілдері өршіді. Оның соңы «қасі­ретті қаңтар» оқиғаларына соқты­рды. Кейбір сарапшы елде жа­сырын жұмыссыздықтың ушы­ғуында, «жұмыскер-кедейлердің», яғни тапқаны тамағына әзер же­тетін еңбеккерлер үлесінің артуын­да министрліктің де айыбы барын айтады. Қазақстанда кәсіподақ қозғалысы күйреді, өз ұжымында тәуелсіз кәсіподақ құрмақ болған белсенділерді жұмыс берушілер қудалайды, жұмыстан қуады, тіпті қаматтырған. Осылайша, кәсіп­одақ аясында, яғни құқықтық өріс­те заңды мүдделерін қорғау мүм­кіндігінен айырылған әр сала жұ­мыскерлері былтыр жаппай ере­уілге шықты, кейін қаңтардағы бү­лікке қатысты. Халықаралық ең­бек ұйымы және Human Rights Watch ұйымы Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ қозғалысының қыспақта қалғанын сынап жүр.

Демек, жаңа Еңбек министрі осы мәселеге баса назар аударғаны абзал. Әйтпесе, мұның өзі демо­кра­тияның дамуына тұсау, тұрақ­тылыққа қатер.

«Қаралы қаңтар» оқиғаларына жұмыссыз жастар көп қатысты. Бұл мәселе де ушыға түскені байқалады. Әйткенмен, Серік Шәпкеновтің командасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жастарды жұмыспен қамту бағы­тында бірқатар шара қабылдады. Экс-министрдің өзі айтқандай, егер дұрыс бағдармен бағыттай алса, «ұлттың зияткерлік, инно­ва­циялық, еңбек әлеуетінің ұстыны» саналатын жастар өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, оң өзгерістердің катализаторына айнала алуы мүмкін. Дегенмен, жастарға, жас мамандарға өз әлеуетін толық­қанды жүзеге асыруға нарықта жеткілікті жағдай жасалмаған. Министрліктерде, әкімдіктерде, ұлттық компанияларда танысы жоқ дарындар жұмыс іздеп, жұ­мыспен қамту орталықтарына жүгінеді, олар еңбек электронды биржасына жолдайды. Елде орнын таба алмаған таланттар мыңдап шетелге кетіп жатыр.

Жаңа министрге қандай мұра қалды?

Министрліктің есептерінде бәрі көркем: 2021 жылдың қоры­тын­дысында экономикалық бел­сенді жастар саны 1,9 миллионнан асты. Олардың 96,3 пайызы жұ­мыспен қамтылыпты. Бұл – әлем­дегі рекорд! Бірақ мұндай деректің шындығына ел басшылығы да күмән келтірген болатын.

«Республикада жұмыссыз­дық­тың жалпы деңгейі 4,9 пайыз болса, жастар жұмыссыздығы едә­уір төмен – 3,7 пайыз немесе 73,3 мың адам ғана. 2020-2021 жылдары NEET (не оқығысы,
не жұмыс істе­гісі келмейтін) жас­тардың үлесі 7,1 пайыздан 6,7 па­йызға дейін тө­мен­деді, бұл іші­нара білім беру және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік жастар саясатының табысты іске асуының көрінісі», – деген еді С.Шәпкенов.

Оның мәліметінше, соңғы 5 жыл ішінде «Еңбек» мембағ­дар­ла­масы аясында 1 миллионнан астам жасқа қолдау көрсетіліпті. Осы кезеңде олардың жартысы тұрақты жұмысқа орналасты. Елде «Кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Жастар практи­касы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты жастарды жұмыспен қамтуға жәр­демдесу құралдары қолға алынды. Президент тапсырмасымен, жастар практикасына және «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі тиісінше 12 және 18 айға дейін, ал қатысушылардың жа­лақысы – 30 АЕК-ке (91 890 тең­геге) дейін ұлғайтылды. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін ұлттық жоба аясында 10 мың жасты бизнес жүргізу негіздеріне оқыту, сондай-ақ жастардың биз­нес идеяларын іске асыру үшін 10 мың қайтарымсыз грант беру көзделген. Биылғы жылдан бастап гранттар көлемі 2 есе, яғни 400 АЕК-ке немесе 1,2 млн теңгеге де­йін ұлғайды.

Еңбекші жастарды қолдау да жаңа Еңбек министрінің еншісінде қалды.

Шәпкенов командасының бір жетістігі ретінде «Халықтың табы­сын арттыру бағдарламасын» қа­былдауды айта кеткен жөн. Бұл құжаттың мән-маңызына Aiqyn газеті жеке сараптама арнады. Бағ­дарлама аясында жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетіл­діру және жастарды кәсіптік бағ­дарлау жұмыстары жүргізіледі. Алайда ол бағдарламаны ары қарай жүзеге асыру да жаңа министрге жүктелмек.

Қазір посткеңестік кеңістіктің бір бөлігінде басталған тайталас, батыстың Ресей және Беларуське қарсы ғаламат санкциялық соққы­лары көші-қон саласындағы ахуал­дың нашарлауына соқтырып жа­тыр. Отандық кейбір сарапшы одақ­тас осы екі елден және Украи­надан Қазақстанға келетін миг­рант­тардың саны 3 миллион адамға жетуі мүмкін деп болжайды. Қазір көші-қон саласы да Еңбекминіне берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ведомство шетел­дік жұмыс күшін тартуға квотаны 3- және 4-санат бойынша 4,7 мың адамға қысқартып тастады. Одан артық маман-жұмысшы алуға болмайды. Олай болса, енді шетел­дік келімсектер арасында да жұ­мыссыздық өршуі ғажап емес. Жа­ңа Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министріне аса күр­делі түйткілдердің түйінін тарқатуға тура келетінге ұқсайды.

Тегтер: еңбектоталитарлық жүйеэкс-министр

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері 50 миллион теңге ұрлады деген күдікке ілініп отыр

Бауырлас екі ел арасында түсінбестік болған емес – Тоқаев

Синоптиктер маусым айында бірнеше облыста құрғақшылық болатынын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаевты Садыр Жапаров «Ақ кемеде» қарсы алды – видео

Утильалымға артық төленген ақшаны қайтарып алу үшін не істеу керек?

AMANAT партиясының өкілдері Республикалық диагностикалық орталық ұжымымен кездесті

Смайылов биыл министрлердің халықпен кездесетін күнін белгілеп, кестесін бекітті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті

Бұл желі ресурсының ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан азаматтарға арналған.

  • РЕДАКЦИЯНЫҢ МЕКЕНЖАЙЫ:
  • 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Қонаев көшесі, 12/1.
  • Байланыс телефоны: (7172) 72-95-46.
  • E-mail: aikyngazeti@gmail.com, aikyn_nurmedia@mail.ru

Liter.kz - новости Казахстана

Яндекс.Метрика
  • AMANAT
  • Жазылу
  • Байланыс
  • Редакция
  • Жарнама

© 2020 ТОО «АЙҚЫН-ЛИТЕР»

Нәтижелер жоқ
Барлық нәтижелерді қарау
  • Жаңалықтар
    • Басты жаңалықтар
    • Қазақстан
  • Экономика
  • Саясат
  • Әлеумет
  • Жаһан
  • Мәдениет
  • Спорт
  • AMANAT

© 2020 ТОО «АЙҚЫН-ЛИТЕР»