Өзі өткенмен өмірден ұстаздың өшпес есімі
Өзі өткенмен өмірден ұстаздың өшпес есімі
541
оқылды
Ол саналы ғұмырын білім беру ісін өркендетуге ар­нады. Ардақты ұстаз, қоғам қайраткері, академик Шәм­шә Беркімбаева 80-ге толған шағында өмірден өтті. Ол туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Пе­дагогика ғылымдарының кан­дидаты, доцент, академик Шәм­шә Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылым саласының да­муына үлкен үлес қосты. Шәмшә Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға және дарынды бала­ларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді» деп жазды. Шәмшә Беркімбаева мектеп директоры, Білім министрінің орын­­­басары, Сенат депутаты, Қа­зақ мемлекеттік қыздар педа­гоги­калық институтының рек­торы, Білім жә­не ғылым министрі қыз­меттерін атқарды. Беркім­бае­ва­ның мек­те­бінен өткен шәкірт көп. Та­лай-та­лай қызметте жүр­ген аза­мат­тың көпшілігі Бер­кім­баева мек­те­бінен шыққанын мақ­тан тұтады. Білім және ғылым саласын басқарған министрлердің ішінде ел есінде қалғаны да Шәмшә Көп­байқызы. Ол аталмыш салада қордаланып қалған біраз пробле­маның аражігін ажыратып, жақсы идеяларды жүзеге асыруға ты­рысты. Қазақ мектептерін көптеп ашқызды. Өзі Кеңес Үкіметі ке­зінде қызмет атқарып, сол сала­ның ұңғыл-шұңғылына дейін жақсы білетіндіктен, бұл саланың барлық проблемасы ол кісіге бес саусақтай белгілі еді. Ә дегеннен-ақ ауыл мектептерінің мате­риалдық-техникалық жағдай­ын жақсартуға күш салды. Ол министрлікті басқарған 2002-2003 жылдар туралы көп сын айтыла бермейтіні де сон­дық­­тан. «Ауыл мектебі» бағдар­ла­масы да енгізілгені сол уақыт. Ұс­­таз өне­гелі өмірінде екі мәсе­ле­­ге қатты көңіл бөлген еді. Бі­рін­­шісі қазақ тілінің тағдыры бол­са, екіншісі қазақ мектебінің тағдыры. Бірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да шетелдерден келген ғалымдар Қазақстанның Білім және ғылым министрі қатысқан халықаралық ірі жиында бірде-бір ғалым қазақ тілінде баяндама жасамағанда өзі сөз сұрап алған Шәмшә Көпбайқызы: «Бүгін бір­неше ірі мемлекеттен қадірлі мей­мандар, ғалымдар келіпті. Өте қуаныштымыз. Енді осы қо­нақ­тарымыз қазақ деген ел, ұлт бар екенін, олардың өз тілі, та­рихы, мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі, тағы да басқа рухани құн­дылықтары бар екенін біліп кетсін, қазақ тілінің өзіндік әуені, мақамы барын құлағына құйып кетсін деген ниетпен мемлекеттік тілде сөйлеймін», – деген екен. Ғалым қай жерде жүрсе де, білім саласынан алыс кеткен жоқ. Ке­зінде өзі білім алған Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық инс­титутын университет деңгейіне дейін көтеріп, іскерлігін көрсетті. Ол тек үздік педагогтерді ғана емес, көптеген өнерлі жастарды тәрбиелеп, қазақ өнері мен мә­дениетіне жанашыр бола білді. Қамқорлық танытты. Бірегей ғалым екенін көрсетті. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы сыйластықтың биігінде қалды. Сенатор Динар Нүкетаева: «Мемлекет және қоғам қай­рат­кері, Қазақстан Республикасының экс-білім және ғылым министрі, білім беру саласының ардагері Шәмша Көпбайқызының қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Шәмшә Көпбайқызы ұзақ жылдар бойы Кеңестер Одағы ке­зінде комсомол, партия қыз­мет­терінде белсенді қызмет атқарды. Саналы ғұмырын елімізді ағар­ту, балалар мен жастарға білім беруге арнап, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық инсти­ту­тын университет мәртебесіне ие болуына қомақты үлес қосқан қайраткер. Шәмшә Көпбайқызы педагог, дарынды басшы ретінде университеттің биік мақсат пен мол жетістікке қол жеткізуіне аян­бай еңбек етті. Университетке келіп түскен қазақ қыздарына са­налы білім мен рухани тәрбие берді. Болашақ мамандардың пе­дагог қана емес, ұлт тәрбиешілері екеніне ден қоя отырып, «Бір қызды тәрбиелеу бір ұлтты тәр­биелеумен бірдей» деген қағи­даны басты мақсат еткен басшы ретінде танылды. Ауылдан келген қыздарға апалық қамқорлық, басшылық даналығын көрсетті. «Қыз – болашақ ана, шаңырақтың шырақшысы» деген даналықты басшылыққа ала білді» деп қазақ халқына көңіл айтты. Шәмшә апай есімін ардақ тұтатын, құрметтейтін шәкірт­те­рінің барлығы дерлік ұстаздарын жоқтап жатыр. Білім және ғылым вице-ми­нистрі Ғани Бисем­баев әлеумет­тік желідегі парақ­шасында: «Бү­гінгі таңды осын­дай жазбадан бастаймын деп ойла­маппын. Ағынды судай асық­қан өмір тағы бір жақсы адамды жа­нымыздан алып ба­рады. Бақыл бол, Шәмшә апай! Шәмшә Көп­байқызы бар ғұ­мырын білім са­ласына арнаған ардақты ҰСТАЗ. Шәмшә апайымыз жақсы мұғалім келбеті, мемлекет қыз­мет­керінің эталоны, бәріміз үшін адам болып өмір сүрудің айқын үлгісі еді. Қазақтың қайсар да қайраткер қызы Шәмшә Көпбайқызы қазақ тілі мен ұлт мектептерінің өр­кендеуі жолында аянбай тер төкті. Білім және ғылым министрі болған жылдары тұңғыш рет ауыл мектептері мен қазақ тілін сапалы оқытудың мәселесін қолға алды. «Мамай» мектебінің атын алғаш елге паш еткен де Шәмшә апа­йымыз. Апай нағыз қазақ қызына тән биязы мінезді, сабырлы да салмақты, жастарға қамқор әрі мейірімді болатын. Бұрын жо­лықпасам да, зейнетке шық­қан­нан кейінгі соңғы жылдары жа­қын танысып, жиі хабарласып, кеңесіп отыратынмын. Бірде-бір адамның артынан ғайбат сөз айт­қанын естімеппін. Бұл да бір ЖАҚ­СЫ адам деген атқа лайық тектілік қасиеті болса керек. Шәм­шә Көпбайқызы өмірінің соңғы сағатына дейін елінің ер­теңі мен білім жүйесі үшін алаң­дап отыратын. Енді келмеске кетті. Қош бол, ардақты ұстаз, Шәм­шә апай!!!» деп жазды. Ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісін көрсеткен ардақты жан, жақсы мұғалім келбетін көрсеткен аяулы ұстаз еді. Жақсылар біртіндеп кетіп жа­тыр. Қасиетті айда Хаққа қауыш­қан аяулы жанның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Көрмеген көшесінен жа­рылқасын! Бақұл болыңыз, ардақты ұстаз! Жаныңыз жәннатта болсын!

Айым БЕКТҰР