Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар әбігерге түсті. Дәріханаларда ауадай қажет инсулин таппай жүр. Негізі, елде оның «оригинал емес» түрі кепілдендірілген медициналық көмек аясында тегін беріледі. Алайда тек түпнұсқасын қажет ететіндер арзан баламасына көшпей, дәріханалардан «лантус» алып жүрген. Қазір осы медициналық препарат қат дүниеге айналды.
Қазақстанда қант диабеті диагнозы қойылған 380 мың адам бар. Өкініштісі, шын мәнінде ауыр дертке шалдыққандар саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі науқастардың көбі асқынған кезде ғана дәрігерге жүгінетін көрінеді. Тағы бір мәселе, қант диабетімен сырқаттанғандар 7 жылда 62 пайызға өскен. Ресми деректерге сүйенсек, 2006 жылы елде 151 мың науқас болса, 2013 жылы 225 мың адам тіркелген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 380 мыңнан асты. Сусамыр елімізде тегін емделетін ауру түріне жатады. Елде қант диабетіне шалдыққандар инсулинді кепілдендірілген медициналық көмек аясында тегін алады.
2019 жылы осы емханаларда берілетін оригинал препараттар биосимилярларға алмастырылды. Қант диабетімен ауыратындарға «лантус» түпнұсқа препаратының орнына Үндістаннан шығатын «басалог» деп аталатын арзан баламаны (биосимиляр) бере бастаған. Кей науқастарда теріс әсері байқалып, кейін олар инсулинді өз қаражатына сатып алуға көшкен. Жыл басында инсулинді 19 мың теңгеге сатып алып жүргендер қазір соның өзін таппай отыр. 58 жастағы елорда тұрғыны Марал Орынбасарова 3 жылдан бері қант диабетімен күресіп келеді. Қазір қолында 1 аптаға жетерлік дәрісі бар. Бір дәрі негізінен 2 аптаға есептеледі. Сондықтан қара нарықтан іздеуге көшіпті.
«10-нан аса дәріханаға хабарласып шықтым. Ешбірінде лантус жоқ. Қара нарықтан табуға болады екен. Бірақ осыған дейін 19-20 мың теңгеге алып келсек, бір жерде 32 мың теңге дейді. Жағдайымыз қиын», – дейді Марал Орынбасарова.
Ізбасар Тұрғынбайұлы да алып шаһардағы инсулин тапшылығы шымбайына қатты батқан жанның бірі. Себебі тоғыз жылдан бері қант диабетінің зардабын тартып келеді. «Ендігі жағдайымыз не болады?» деп алаңдап отыр зейнеткер.
«Дәріханаларда болмаса, қайдан аламыз? Сәуірдің ортасында болып қалады дейді. Бірақ менің дәрілерім таусылды. Көптеп сатып алып қойғандар бар екен. Олардан сұрасақ, 25-30 мың теңгені айтып отыр. Зейнетақымның бәрі дәріге кете ме енді?» деп налыды ол.
Жалпы, отандық фармацевтика нарығында дженериктер мен биосимилярлар (түпнұсқа препараттардың баламасы) жетіп-артылады. Ресми дерек бойынша, жергілікті кәсіпорындар өндіретін 935 дәрілік препарат тіркелген. Олардың 865-і – дженерик, 9-ы – биосимиляр және 70-і – түпнұсқа препарат. Түпнұсқа препарат пен дженерик құрамындағы негізгі әсер етуші зат бір болғанымен, екеуінде екі түрлі қосымша заттар қолданылады. Осыған байланысты препараттардың әсері де әртүрлі болады. Диабеттік қауымдастық өкілдері оригинал дәрілерді арзан биосимилярға ауыстыруға бірнеше жыл бұрын қарсы шыққан еді. Бірақ одан нәтиже болмады. Дәріхана сөрелерінен лантустың жоғалып кетуіне Ресейдегі дәрі тапшылығы себеп болуы мүмкін. Себебі көрші елде қазірдің өзінде 80-ге жуық дәрілік препарат тапшы. Оның ішінде инсулин де бар. Ол елде де барлығы бірдей лантустың балама түрін қолданбайды. Бас тартқандар 2 жылдан бері дәріханалардан сатып алып келген. Сондықтан бұл елдің дәріханаларынан да аталмыш препарат қат дүниеге айналды. Алайда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәселені жоққа шығарып, дәріханалардан ешкім инсулин сатып алмайтынын айтты. «Қант диабетімен ауыратын барлық пациент тек бюджет есебінен дәрімен қамтамасыз етіледі. Себебі барлық пациенттер диспансерлік есепте тұр және олар бюджет есебінен, емханалар арқылы инсулин алады», деді министр.
[caption id="attachment_191309" align="alignleft" width="1200"]