Жаңартылған энергия көздері Алматыны жарылқай ала ма?
Жаңартылған энергия көздері Алматыны жарылқай ала ма?
Алматы сияқты шаһарда түрлі өндіріс ошағының күн санап артып жатқаны түрлі саладағы қажеттіліктермен қатар тапшылықты да сездірте бастады. Солардың бірі – электр энергиясына деген сұраныстың өсуі. Сарапшылардың айтуынша, Алматы қаласы мен облысында жұмыс істеп тұрған Алматы ЖЭО, Қапшағай және Алматы Каскад СЭС (Су электр стансалары), сондай-ақ Есік, Мойнақ, Қаратал , Талдықорған СЭС-терінің тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғанына қарамастан бұл өңірде энергия тапшылығы бар. Өйткені аталмыш өндірушілердің өзі мегаполис пен облыстың электр қуатына деген сұранысының 50 пайызын ғана өтейді екен. Енді не істемек керек?

Жел көзінен энергия алудың тиімділігі қандай?

Тапшылықты жоюдың жолы қандай? «Мәселені шешудің бірден-бір жолы тез арада жаңартылған электр көздеріне (ЖЭК) көшу», – дейді мамандар. Соңғы уақытта осы салада дабыл қағып жүрген мамандар мәселені шешудің екі жолын ұсынып отыр.Оның бірі күн көзінен энергия алу болса, екіншісі – қажетті энергияны желден алу. Бұл үшін, әрине жел электр стансаларын салу керек. Бір кездері сарапшылар мен экономистер ЖЭС салу өте қымбатқа түсетінін айтқан еді. Десе де, Алматы қаласы мен мегаполиспен шектесіп жатқан аудандарда орналасқан ірі өндіріс орындарындағы электрге деген мұқтаждық қымбат болса да, бұл жобаны қолға алуға мәжбүрлеп отыр. Бүгінде Алматы қаласынан 140 шақырым жерде салынып жатқан қуаты 60 МВт жаңа жел электр стансасын (ЖЭС) осы жылдың тамыз айының басында пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы құны 37,4 млрд теңге болатын жобада әрбір номиналды қуаты 2,5 МВт болатын 24 жел энергетикалық қондырғысы орнатылмақ. Жобаны қаржыландыратын «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының пікірінше, станса іске қосылған соң жылына 225,7 млн кВтс электр энергиясын өндіретін болады. Олардың айтуынша, жобаның өндірістік сипаттамаларынан басқа өңірдің экологиялық жағдайына да тиімділігі орасан зор көрінеді. Аталған ЖЭС-ті салу және іске қосу парниктік газдар шығарындыларын 206 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылына шамамен 89 мың тонна дәстүрлі отынның орнын басады деп отыр. Энергетикалық нысан Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Шелек дәлізі деп аталатын, Жаңартылған электр көздерінің әлеуетін дамытуға арналған аймақта салынып жатыр. энергия көздері «Мұнда желдің орташа жылдық жылдамдығы 50 метр биіктікте 7,8 м/с деңгейі­не жетсе, ағынның тығыздығы 310 Вт/м2 құрайды. Болашақта ЖЭС қуатын 300 МВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр»,– дейді жобаның басы-қасында жүрген мамандар.

Тапшылық қалай шешіліп жатыр?

Жоғарыда келтіргеніміздей , бүгінде Алматы мен оған жақын облыс аумағында орналасқан бірнеше электр өндіруші нысан қалаға қажетті электр көзінің тек 50 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Сол себепті бүгінге дейін қажеттілігі жағынан ауа мен судан кейінгі орынға шыққан электр көзіне деген тапшылық өзге өңірлерден тасу арқылы шешіліп келген. Атап айтқанда, республиканың солтүстік облыстары мен Жамбыл Су электр стансасынан тартылатын. Оған қоса, Қырғыз Республикасынан да электр қуатын алу арқылы тапшылықтың орны жабылып отырған. Соның өзінде Алматы еліміздегі жарығы жиі сөнетін қалалардың көшін бастап тұрғаны тағы бар. Қажетті электр қуатын сырттан тасымалдау дегеніңіз мемлекеттен бөлінетін қыруар қаражатты қажет ететіні айтпаса да түсінікті болар. Сонымен қатар бұл шығын тоқтаусыз жұмсалып отыратынын ескеріңіз. Осы жағынан алғанда Үкіметтің құны қанша қымбатқа түссе де, мегаполис маңайынан жаңартылған электр көздерін салуды қолға алуы құптарлық іс деп айтуға болады. Мамандардың пікірінше, Алматы қаласы мен облысы өңіріндегі баламалы қуат көзін өндіретін нысандардың үлесі 60%-ға дейін өскенде ғана энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізеді. Қазіргі үлесі небәрі 16%-ды құрайды. Осыдан-ақ Жетісу жұртшылығы мен экономикасы жаңартылған электр көзіне қаншалықты мұқтаж екенін аңғару қиын болмас. Қорыта келгенде, еліміздегі ең үлкен мегаполиске қажетті мол көлемдегі электр энергия көзін табу, сол арқылы тапшы­лықтан құтылу кезек күттірмес мәселеге айналып отырғаны рас. Әйтпесе, күндердің күнінде Алматы қарқынды дамыған өндірісі бар, бірақ соған қажетті электр қуаты жоқ қалаға айналып қалуы да ғажап емес. Әлемнің даму сатысы барынша төмен мемлекеттерінде мұндай қала өте көп.

Алматы