Кеше Бородулиха ауданы аумағындағы Үбі өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Речное ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Облыстық Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, 9 сәуір күні таңертең су деңгейі көтеріліп, ауылдағы 2 үй мен 3 үй маңындағы аумақты су басқан.
Кеше құтқарушылар 16 тұрғынды (екеуі - бала) туыстарының үйіне орналастырып, елу бастан астам малды қауіпсіз жерге көшірген.
«20 сағат ішінде су деңгейі көтеріліп, үйлерге кіре бастады. Барлығы 8 үй су астында қалды, оның 6-уы тұрғын және 2-уі тұрғын емес. Осы уақытқа дейін барлығы 36 тұрғын, оның ішінде 10 бала эвакуациядан кейін туыстарының үйіне орналастырылды. Оқиға орнына ШҚО ТЖД жеке құрамының 69 қызметкері, 2 жүзу құралы, 11 мотопомпа және 8 бірлік техника, ЖАО-ның 20 қызметкері және 8 бірлік техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта ауылда су деңгейінің төмендеуі байқалады. ШҚО ТЖД күшімен су басқан аумақтардан суды сору жұмыстары жүргізілуде», - делінген облыстық Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.