Ақтөбеде 7,5 миллиардтық жол құрылысы алты жылға созылған
Ақтөбеде 7,5 миллиардтық жол құрылысы алты жылға созылған
226
оқылды
Ақтөбеде алты жыл бұрын басталған жол құрылысы әлі аяқталған жоқ. Қала шетіндегі Ясный ауылы мен 41-разъезд тұрғындары құрылыстың сағызша созылғанына ашулы. Өйткені көлік қатынасының қиындығы былай тұрсын, өздері шаңға көміліп отыр, деп хабарлайды КТК арнасы Шенеуніктер мен жол сақшылары құрылыс біткенше көліктерге ауыл ішімен жүруге рұқсат беріп қойған. Ең болмаса ауыр жүк көліктері қала шетін айналып өтсін дейді тұрғындар. Ақтөбедегі оңтүстік айналма жолдың құрылысы осыдан алты жыл бұрын басталған. Содан бері бұл жоба әлі созылып келеді. Әсіресе Ясный ауылы мен 41-ші разъезд тұсындағы трассаны жыл сайын әкімдіктегілер мен мердігерлер бітіріп береміз деп уәде етеді. Бірақ әзір орындалмай отыр. Ашынған қос ауыл тұрғындары таң атасымен жол бойына жиналды. Жер қарайып жаз шыққанда құрылыстың кесірінен тұншығып қалатынын айтады. Жол салынғанша, көлік жүретін айналма жол қарастырудың орнына, жергілікті шенеуніктер ауыл ішімен қатынауға рұқсат берген. «Енді соның кесірінен шаңға көміліп отырмыз», - дейді тұрғындар.
"Тура жолды жауып тастады ғой. Ауылдың ішімен әдемілеп мың фура өтеді. Соның шаңына, міне, бір жыл болды, батып жатырмыз. Балаларымыздың өкпесі шаңға толды. Аллергия болып жатыр", - деді Ясный ауылының тұрғыны Гүлсара Жылқаманова. "Қаншама фура өтіп жатыр. Орта есеппен қарағанда мыңы өтеді күн сайын. Жолдың сиқы мынау. Жер жаңа құрғап жатыр. Ертең жер толық құрғаған кезде шаңнан көрінбей қаласың. Көк шаңға көмілеміз. Ара-тұра осындай айқай шығарған күні су себіледі", - деді Ясный ауылының тұрғыны Қалабай Алмағанбетов.
Тұрғындар жол құрылысының сағызша созылғанына наразы. Шағым айтып бармаған жері қалмаған. Тіпті былтыр облыс әкімінің өзі келіп, «жазда бітеді» деп уәде берген. Содан бері тура бір жыл өтіпті.
"Облыс әкімі былтыр уәде беріп кетті. Мердігерлерге қалайда тамыз аяғына дейін бітіріңдер деп кетті. Уәде қалды. «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дейді. Соның кері бізге келіп тұр. Айта айта осы жағдайды, біз де қартайдық, міне", - деді Ясный ауылының тұрғыны Ілия Мырзалин.
Жиналған жұртпен кездесуге келген жолға жауапты басқарма басшысы да уәде беруден танбады. «Жаз біткенше жолды аяқтап бәрін қатырамыз» деп отыр. Ал жүк көліктерін ауылда жүргізбеуге қатысты мәселені әкімдікте талқылайтынын айтады.
"Осы сәуір айының аяғынан бастап жұмыс басталып кетеді. Оны қыркүйектің аяғына дейін аяқтау керекпіз. Тап осы фураларды өткізбеуді басшыларымызға жеткізіп, қазір жиналыс өткіземіз. Нақты адамдар шақырып, соны ұйымдастыруға тырысамыз", - деді Ақтөбе облысы автокөлік жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы Айбек Қайыр.
Ақтөбенің оңтүстік айналма жолының құрылысына жалпы 7 жарым миллиард бөлінген. Оның алты миллиардын игеріп үлгеріпті. Ал құрылыстың созылуына тендерді жеңіп алған мердігер кінәлі көрінеді.