Жамбыл облысының тұрғындары бұрынғы әкім Бердібек Сапарбаевты Тараз әуежайында шығарып салды. Жиналғандар аймақтың бұрынғы басшысымен жылы қоштасты. Видео облыс әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланды. Жамбыл облысының тұрғындарымен қоштасқан Бердібек Сапарбаев оларға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, көзіне жас алды. Сондай-ақ бұрынғы аймақ басшысы жергілікті тұрғындардан кешірім сұрады. Өзін шығарып салады деп ойламағанын жеткізді. « Халықтың әл-ауқатын жақсартуға тырыстым. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, кешірім сұраймын. Маған қолдау көрсеткендеріңіз үшін көп рақмет", - деді Б.Сапарбаев. Жиналғандар ән айтып, бұрынғы әкіммен қол алысты. Еске салайық, жақында Бердібек Сапарбаев 2020 жылдан бері атқарған Жамбыл облысының әкімі қызметінен босатылды. Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының жаңа әкімі болып тағайындалды.