Түркістан облысында енесінің атынан несие рәсімдеген келін ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz. Қазығұрт ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бейтаныс біреу оның атынан 250 мың теңге несие алған. Бұл туралы банктен хабар келгенде бірақ білген. Содан жергілікті тұрғын тез арада полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Тіркелген дерекке сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Қазығұрт ауданының полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол жергілікті тұрғын жәбірленушінің келіні болып шықты. Яғни, күдікті енесінің атынан несие рәсімдеп алған. Ақшаны өз қажетіне жаратқан. Қазіргі таңда жас келінге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.