Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасының ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Аскенұлы Әділов Қаңтар оқиғасына қатысты барлығы 1090 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген айыппен 165 адам қамауда отыр. Сонымен қатар, 377 адамға қатысты тергеу аяқталып, олардың ісі сотқа берілді. Олар ұрлық жасау бойынша – 196, қару-жарақтың заңсыз айналымы бойынша – 39, ұсақ тонау фактісі бойынша – 3 адам. 168 адамға қатысты сот үкімі шықты. Оның 147-сі қоғамнан оқшаулау жазасынан босатылды. Сондай-ақ 315 күдікті қамаудан босатылған. Қалған істер әлі аяқталу сатысында. «Ел бойынша барлығы 1 430 бірлік қару мен 35 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Олардың ішінде 323 тапанша, 148 автомат, 195 травматикалық тапанша, 9 гранатомет, 69 арнайы қару, 8 мылтық және 6 пулемет бар», – деді Санжар Әділов.