«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарына барды
Биыл наурыз айынан бастап партияның мобильді қоғамдық қабылдауларына 147 шалғай ауылдың 1500-ден астам тұрғыны жүгінді.
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Бүгін партия мүшелері Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарына барды. Қабылдауға бір күнде 250-ге жуық азамат келіп, барлығы 10 шалғай елді мекен қамтылды.
Кезектен тыс ХХІІ съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өтті.
«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов көшпелі мобильді топтардың басты міндеті – тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күту емес, оларға өздері бару екенін атап өтті.
«Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін облыс орталығына жету үшін 300 шақырымды жүріп өту қажет. Ал жолдың нашарлағыннан қарттар мен көлігі жоқ адамдар үшін діттеген жеріне жету тіптен қиын.Сондықтан алдағы уақытта мобильді қоғамдық қабылдаулар Қазақстанның барлық өңірлерін аралайды», - деді ол.
Мәселен, Түркістан облысына қарасты Жеңіс ауылының тұрғыны Әуескүл Үздеубай ауылдық емхана жанынан дәріхана ашылуына көмек көрсетуді сұрады.
«Зейнеткерлерге қажетті дәрі-дәрмекті сатып алу үшін аудан орталығына баруға тура келеді. Тіпті туыстарынан немесе достарынан Шымкенттен қажетті дәрілерді жеткізіп беруді сұрайтын сәттер де болады. Егер дәріхана емханамен бір ғимаратта болса, бұл өте ыңғайлы болар еді», - деді Әуескөл Үздеубай.
Ал жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Жаңабекұлы ауылға газ құбырын тарту мәселесін көтерді.
«Елімізде газ мәселесі өзекті. Ауылымыз шағын, 420 үй бар. Егер газ берілсе, тұрмысымыз жеңілдеп қалар еді. «AMANAT» партиясының осылай халықпен кездесулер өткізуі игілікті іс», - деді ақсақал.
Өз кезегінде Жеңіс ауылының тұрғыны Әділбек Усманов су тапшылығы мен оның қымбаттығына назар аударды.
«Р-6 каналы» 1967 жылы құрылып, су сыйымдылығы секундына 2000 куб текше метр болған. Қазіргі таңда 1400 метрге азайған. Арықтың бойында жүзден астам шаруа қожалық бар. Жаңа жайылым жерлерге су жеткізу қиын. Сонымен қатар, мың текше метр үшін тариф 800 теңге алады, бұл өте көп. Барлық су арналарына күрделі жөндеу қажет. Ал сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мамандар мен жергілікті тұрғындардан бақылау комиссиясы болуы қажет. Мәселе шешіледі деп үміттенеміз», – деді ол.
Аманаттықтар Түркістан облысына қарасты Жеңіс, Ақтөбе, Темір, Қарақоңыр және Қоғам сияқты барлығы 5 ауылға барды. Тұрғындарды фермерлік шаруашылықты субсидиялау, мектептер мен балабақша құрылысын жүргізу, жер телімдерін бөлу және басқа да мәселелер толғандырады.
Осы күні «AMANAT» мобильді бригадалары Солтүстік Қазақстан облысындағы шалғай елді мекендердің тұрғындарын қабылдады. Партия мүшелері Келлеровка, Имантау, Ясная Поляна, Далматово, Қиялы ауылдарында болды.
Келлеровка ауылында тұрғындар азық-түлік бағасын реттеуді және дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мүмкіндігін қарастыруды және көшге жарық орнатуды сұрады.
«Біздің округтегі ең өзекті мәселенің бірі – Октябрь көшесіндегі жол. Биылдан қалмай жөндеу және жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі деп үміттенеміз», - дейді жергілікті тұрғын Сандуғаш Боранбаева.
Тұрғындардың су жүйелерінің жұмысына қатысты да көптеген шағымдары бар. Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің мүшелерінің айтуынша, мұндай мәселелер әрбір ауданда көтеріледі деуге болады. Келлеровкадағы жағдайға келетін болсақ, мұнда орталық сумен жабдықтау ешқашан болған емес, тұрғындар суды арнайы пункттерден сатып алуға мәжбүр.
«Бүгін бізге айтылған сұрақтарды Экология министрлігіне қоямыз. Келлеровкада 2,5 мың адам тұрады және XXI ғасырда суға қатысты осындай проблемалардың болуы, әрине өте қолайсыз жағдай», - деп атап өтті «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева.
Бұған дейін мобильді қоғамдық қабылдаулар Ақмола, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарына барған болатын. Шалғайдағы 147 ауылдың 1500-ден астам тұрғыны өздерінің түйінді мәселелерін көтеруге мүмкіндік алды. Оның ішінде сумен және газбен жабдықтау, жолдарды күрделі және ағымдағы жөндеу, жайылымдар мен шабындық жерлер беру, Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты және т.б. мәселелер көтерілді.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 40 мыңнан аса адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 32%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 14%, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу – 11% толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 8 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 22 мың адам қабылданды.