Еуро-Азиялық Еврей конгресінің Президенті Михаил Мирилашвили Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау жеделхатын жолдады. Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаған Михаил Мирилашвили екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың беріктігін атап айтты. Осыдан 30 жыл бұрын қос ел жаңа дәуірге бірге қадам басқан еді. Содан бері Қазақстан мен Израиль сенімді серікке айналды. – Екі елдің сыйластығы мыңдаған жылдан бері Ұлы Жібек жолы бойымен жалғасып келе жатыр. Қазақ халқы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еврей ұлтын құшақ жая қабылдады. Біз қазақстандықтардың бұл жақсылығын ұмытпаймыз! Жүздеген жыл бойы қазақ жері еврейлерге пана болды. Әлі де жергілікті еврей халқы Қазақстанның дамуына үлес қоса береді, – делінген құттықтаухатта. Сондай-ақ Михаил Мирилашвили Еуро-Азиялық Еврей көшбасшыларының қоғамдық дипломатия саласында біріге жұмыс істейтініне қуанышты екенін жеткізді. Болашақта Қазақстан мен Израильдің экономикалық, ғылыми және мәдени байланыстарының нығая түсетініне сенім білдірді.