Бублик 36, Кукушкин 162-орында
Бублик 36, Кукушкин 162-орында
195
оқылды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған рейтингінде жоғарылады. Отандасымыз 37-ден 36-орынға көтерілді. Ал Михаил Кукушкин 160-тан 162-ге, Дмитрий Попко 169-дан 173-ке сырғыса, Тимофей Скатов 193-сатыда қалды. Рейтинг көшін бұрынғыша сербиялық Новак Джокович бастап тұр.  Ресейлік Даниил Медведев екінші, германиялық Александр Зверев үшінші орынға жайғасқан. Жұптық сында Джо Сэлисбери (Ұлыбритания) бірінші, Раджив Рам (АҚШ) екінші, Мате Павич (Хорватия) үшінші орында келеді. Қазақстандық теннисшілер арасында Андрей Голубев 24-орнын сақтап қалса, Александр Недовесов 62-ден 63-ке, Александр Бублик 67-ден 68-ге төмендеді. Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) рейтингінде Польша өкілі Ига Свёнтек көшбасшылық рөлін сақтаса, чехиялық Барбора Крейчикова және испаниялық Паула Бадоса сәйкесінше екінші және үшінші сатыға тұрақтады. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 18-ден 19-ға, ал Юлия Путинцева 46-дан 52-ге төмендеді. Тағы бір отандасымыз Зарина Дияс турнирлік кестедегі 113-орнын сақтап қалды. Жұптық сында чехиялықтар Катерина Синякова мен Барбора Крейчикова және бельгиялық Элизе Мертенс алда келеді. Қазақстандық Анна Данилина 21-ден 20-ға көтеріліп, өзінің үздік көрсеткішін қайталаса, Елена Рыбакина 54-сатыға жайғасқан. Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы 15-16 сәуірде Билли Джин Кинг кубогының іріктеу сайысында елордада Германия теннисшілерімен шешуші кездесуін өткізеді.

Ә.ЖАСАН