Мәжіліс депутаттары су басқан аймақтарға барды
Мәжіліс депутаттары су басқан аймақтарға барды
412
оқылды
Еліміздің бірқатар өңірлерін су басу қаупі әлі де сейіл­мей тұр. Осыған орай Мәжіліс депутаттары көк­темгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұр­ғын­дарды қолдап, көмек көрсету үшін өңірлерге шықты. Депутаттар халыққа мемлекет тарапынан көмек көр­сетілетінін айтып, мәселелерді өздерінің жіті бақы­лауында ұстайтынын жеткізді. Өздеріңізге белгілі, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударып, депутаттарды халыққа жақын болуға, адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға, оларды толғандырған мәселелерді шешуге шақырған болатын. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшелері Мәлік Құлшар пен Сне­жанна Имашева Батыс Қазақстан облысына барып, су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғын­да­рымен кездесті. Мәлік Құлшар Қаратөбе ауда­нындағы Шалғын ауылында ба­лалардың оқуы ұйымдастырылған ауылдық клубта мұғалімдермен тілдесіп, мән-жайды талқылады. – Негізгі мектептің ғимара­тына су кіріп, бөлмелердің ор­тасы құлаған. Қазір оқушылар уақытша ауылдық клубта білім алып жатыр. Ауылдағы 45 үйдің 29-на су кірген, 23-і тұруға кел­мейді. Ауыл тұр­ғындары су кір­меген үйлерге, 3-4 жанұядан бө­лініп орналасқан. Құлағалы тұрған үйлерді сараптау жөніндегі комиссия жұмыс іс­теуде. Ауыл халқы ешқайда көш­пей, жаңа мектеп те, үйлер де осы ауылға салынса деген өтініштерін жет­кізді, – деді депутат. Сондай-ақ ауданда төтенше жағдай жарияланғандықтан ешқандай конкурссыз қаржы қа­растыру мүмкіндігі бар екенін айтып, құрылған комиссияның шешімімен апатты жағдайдағы мектеп орнына 60 орындық білім ордасының құрылысы бастала­тынын жеткізді. Сапар барысында депутаттар жергілікті билік өкілдерімен бірге облыстағы Бөрлі ауданы Қы­зыл­тал ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен үйлерді аралады. Алдағы уақытта су тасқынынан қорғану үшін арнайы нысан салу жоспарланып отыр. Ал Павлодар облысында Мәжіліс депутаттары Айгүл Нұр­кина мен Вера Ким Рождественко ауылында су тасқынынан зардап шеккен отбасылармен кездесіп, оларға «AMANAT» партиясының атынан тұрмыстық техника, азық-түлік, басқа да керек-жарақтар берді. – Біз әрдайым мониторинг жасап отырмыз. Бүгін өз көзі­міз­бен көруге келдік. Байқаға­ны­мыздай, жағдай тұрақталды. Ен­дігі басты мәселе – тиісті кө­мек көрсету. Апат салдарын анық­тап, тиісті шараларды қолға алу, – деді Айгүл Нұркина. Мамандардың айтуынша, су тасқынына арнайы бөгеттердің жоқтығы себеп болып отыр. Депутаттар су тасқыны мәсе­лесі жіті бақылауда болатынын айтты. Қажет болған жағдайда заңнамаға да өзгеріс енгізілуі мүмкін. су басқан аймақ Жалпы, Рождественко ауы­лын­да 30-ға жуық үй еріген қар суынан зардап шекті. Осының салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланып, 100-ге тарта тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Мәжіліс депутаттары Аман­ғали Бердалин мен Ғалымжан Елеуов Ақтөбе облысы Қобда және Ойыл аудандарындағы су басу қаупі бар елді мекендерді аралап көрді. Қобда ауданында су тасқы­ны­нан бірнеше әлеуметтік нысан, спорт кешені мен шағын және орта бизнес ғимараттары зардап шеккен. Жарық ауылында суар­ма­лы жерлерді су басса, Егін­дібұлақ ауылында су тасқынынан кейінгі жол қалпына келтіріліп жатыр. Одан әрі депутаттар Ойыл ауданына барды. Мұнда Сарал­жын ауылдық округінде болып, Орта-Қиыл-Тассай су жүйесін бақылады. Қазір округ бойынша 5600 гектар лиманды алқапқа су шығып отыр. Былтырғы жылы жөндеуден өткен су жүйелері қазір тасқын суды ұстауға септігін тигізуде. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшелері Ерлан Саиров, Еділ Жаңбыршин және Зарина Ка­маcова Шығыс Қазақстан облы­сына арнайы жұмыс сапа­рымен барды. Депутаттар Глубокое ауданы Белоусовка ауылында орналасқан су қоймасына барып, ондағы нақты жағдайды өз көздерімен көрді. Сонымен қатар аталған аудандағы Прогресс, Предгорное ауылдарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерін аралады. – Өңірлерге арнайы жұмыс сапармен келудегі басты мақса­тымыз – су тасқыны қаупі бар де­ген учаскелерді аралап, ауқым­ды су қоймаларының жағдайын көзбен көру. Нақты айтқанда, бү­гінде тұрғындар тарапынан тас­қын су мәселесіне байланысты көп­те­ген сауал түсуде. Сондықтан тұр­ғын­дардың өтініштерін ескере оты­рып, тасқын судың алдын алу. Өңірлерде су қоймаларында түйт­кілді мәселе жоқ емес. Бұған де­йін­гі Шығысқа арналған жұмыс сапарымда Зайсан ауданындағы Үденей, Тарбағатай ауданындағы Қандысу су қоймаларындағы өзекті мәселелерді көтерген бола­тынмын. Біз мәселенің салда­ры­мен емес себебімен күресуіміз қажет, – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Мамандардың айтуынша, Глу­бокое ауданы Белоусовка ауы­лын­дағы су қоймасы 1946 жылы пай­далануға берілген. Глубо­чан­к­а өзені және кіші Ертіс өзенінің оң жаға­лауы құяды. Су қойма­сы­ның түрі-арналық, жағалау сы­зы­ғы бо­йынша ұзындығы – 3,3 км, көлемі – 1,3 млн м3, көлемі – 1 млн м3, Макси­малды тереңдігі 8.5 м, орташа тереңдігі 2.4 м. Есептік өткізу қа­бі­леті 40 м3/сек. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. – Азаматтар тарапынан кө­терілген кез-келген мәселе на­зардан тыс қалмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орган өкілдері мен депутаттарды халықпен жиі жүз­десіп, толғандырған мәселе­ле­рінің оң шешім табуына атсалы­суды үнемі айтып келеді. Бүгінде жұмыс сапарымыз да Мемлекет басшысының осы тапсырма­сы­ның аясында жүзеге асырылып отыр, – деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин. Депутаттар одан әрі Шығыс Қазақстан облысының Риддер, Алтай, Катон-Қарағай, Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарын аралап, ондағы су қоймаларының жұмысымен танысып, ауыл тұр­ғындарымен кездесті.