Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс режимде Рим Папасы Францискпен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары, сондай-ақ конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогті ілгерілету мәселелері талқыланды. Биыл қыркүйек айында елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің күн тәртібіне баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форумның Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті. Президент конфессияаралық келісім мен бірліктің қазақстандық моделі туралы айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Рим Папасына Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар жөнінде мәлімет берді. Рим Папасы кездесуге мүмкіндік бергені үшін Президентке ризашылығын білдіріп, Қазақстанға ресми сапармен келетінін, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысатынын растады. – Мен дінаралық диалогті, мемлекеттердің бірлігі мен жақындасуын ілгерілету тұрғысынан осы келелі жиынды тағатсыздана күтемін. Мұның қазіргі уақытта мәні өте зор, – деді Католик шіркеуінің басшысы. Понтифик қазіргі күрделі геосаяси жағдай кезінде әлемде бірлік пен келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін атап өтті. – Сіздің еліңіздің қаншалықты әр алуан және тұтас екенін көріп отырмыз. Бұл – тұрақтылықтың негізі. Қазақстанда бұған түсіністікпен қарайтынына қуаныштымыз. Менің қолдауыма сенуіңізге болады. Сіздің күш-жігеріңізді бағалаймын, – деді Рим Папасы. Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қасиетті Тақпен рухани келісім және өзара құрмет көрсету саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін нақтылады.