Елорда әкімі Алтай Көлгінов Заречный елді мекенін дамыту мәселесін жергілікті тұрғындармен талқылады. Бұл туралы бас қала басшысы Іnstagram парақшасында жазды. «Аудандарымызды, елді мекендерімізді тұрақты аралап, тұрғындармен кездесіп тұрамыз. Бұл жолы Заречный (Есіл ауданы) елді мекенінің тұрғындарымен кездестім. Кездесу барысында бірқатар өзекті мәселе көтерілді: мектеп, балабақша салу және кеңейту, су қысымы, электр қуаты, жолдар мен автобус бағыттары, жылы аялдамалар мен сергек камералары, гүлзарлар және тағы басқалар. Барлығын жазып алдық, енді оларды іске асыру бойынша жоспар құрамыз», – деді А.Көлгінов. Әкім сонымен қатар №45 мектеп техникалық сараптама жүргізілген соң күрделі жөндеуден өтетінін жеткізді. Соның ішінде бірінші кезекте мектеп аумағында жаңа корпус салу мәселесі қарастырылады. Сол сияқты №56 балабақшаны да күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. «Сумен жабдықтау да – жүйелі проблема. Осыған дейін айтқанымдай, былтыр біз сорғы-сүзгі стансасы-3 (ССС) құрылысына кірістік. ССС-3-тің алғашқы кезеңі биыл күзде іске қосылады. Ал толығымен 2023 жылы аяқталады. ССС-3 қаланың алдағы уақытта салынатын аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ сумен жабдықтаудың қазіргі қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл елді мекенде жеке сектор барын ескерсек, оны газдандырамыз. Заречный елді мекенінің тұрғындары көтерген мәселелерді назарымызға алдық, осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылады. Елді мекендерді дамыту Мемлекет басшысының тікелей бақылауында», – деді қала әкімі. Осыған дейін Сарыарқа мен Алматы аудандары газдандырылған. Биыл Есіл ауданында газ тарату желілерінің құрылысын бастау жоспарланған. Бұл ауданның және жалпы қаланың өмір сүру сапасы мен экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді.