Әлеуметтік желілерде Түркістан облысына қарасты Шардара су қоймасында балықтардың жаппай қырылып жатқаны туралы бейнежазбалар тарады. Онда жағалауда өліп жатқан майшабақтар көрсетілген. Тіпті, кейбірі өлімсіреп, әл үстінде жатқан балықтардың денесінде жаралардың бар екені байқалады. Аталған мәселеге орай Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы мен Түркістан балық инспекцияларының мамандары жауап берді. Олардың айтуынша, мөңке және сазан балықтары мен шабақтардың қабыршақты жамылғыларында өзгерістер пайда болған. Балық инспекторлары мен қорықшылар өлген шабақтарды жинап алып, оларды жою жұмыстарын жүргізіп отыр.
ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісұлы Шардара қаласы бойынша ветеринария қызметі зерттеу үшін шабақтардың сынамасын алғаны туралы хабарлады. Ол: «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы олардың қырылу қаупі және өлімі анықталған кездегі өзара іс-қимыл схемасына сәйкес бүкіл мүдделі органдарға хабар беріп, Түркістан облысы бойынша Экология департаменті мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалы су мен балықтан сынама алды. Балықтарды көзбен шолып қарау кезінде шабақтардың қабыршақты жамылғысында өзгеріс бары белгілі болды. Балық инспекторлары мен қорықшылар салмағы орта есеппен 50-60 грамм болатын 4 келі шабақ жинады», – дейді.
Ал Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Марат Қарақұл шабақтардың өлуі жылдағы болатын қалыпты жағдай деп отыр. «Биыл өңірде қыс мезгілі болмағандықтан, балықтардың иммунитеті төмендеп, көктемде көбі осындай өлімші халге түсіп жатыр. 10-15 күн ішінде судың астында көк шөп шықса, балықтар тіршілігі қалыпқа келеді. Табиғат пайдаланушыларға өлген балықтарды арнайы жерге апарып көмуге тапсырма бердік», – дейді бас маман.
Шымкент қаласы