Ресейлік медиа: Миға шабуыл, санаға салмақ
Ресейлік медиа: Миға шабуыл, санаға салмақ
192
оқылды
«Ақпарат кімнің қолында болса, әлемді сол билейді» деген қағиданың шындығы қазіргі геосаяси жағдай ушыққан заманда тіпті айшықтала түсті. Ал Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде теріскейдегі көршінің ықпалы зор саналатыны рас. Бірақ ықпал дегеннің өзін нақты өлшеу қиын дүние екені тағы бар. Сонымен, қазақстандықтардың қоғамдық көзқарасын қалыптастыруға ресейлік медианың әсері қандай?

Сауалнама нәтижесі нені көрсетті?

Жуырда Demoscope бюросының «Ресей әскерінің Украинаға басып кіруі» тақырыбында жүргізген сауалнамасының нәтижесі жарияланды. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 77 пайызы орыс тілін, 23 пайызды қазақ тілін таңдаған. Зерттеу қорытындысына сәйкес, 36 пайыз респондент Украинада қазір «Ресейдің Украинадағы ұлтшылдарға қарсы әскери операциясы» болып жатыр дегенге сенеді. 26 пайызы «Украинада НАТО әскерін орналастыруға жол бермеу үшін Ресей-Украин соғысы болып жатыр» дейді. «Ресей мен Украина арасындағы соғыс Украинаны басып алу мақсатында болып жатыр» дейтіндер – 13 пайыз. Осы жерде сауалнамаға қазақша жауап бергендер мен орысша жауап бергендердің көзқарастары әртүрлі екенін атап өту қажет. Мысалы, «Тараптардың қайсысын жақтайсыз?» деген сұраққа қазақша жауап берген респонденттердің 20 пайызы «Украина жағындамын» десе, орыстілді респонденттер тек 6 пайыз ғана Украинаны қолдайтынын айтқан. Керісінше, қазақша жауап бергендердің 20 пайызы, орысша жауап бергендердің 45 пайызы Ресейді жақтаған. Сондай-ақ «әскери операция» тіркесін орыс тілінде жауап бергендердің 39 пайызы, қазақша жауап бергендердің 27 пайызы таңдаған. «Мұндай жағдайда Қазақстан қалай әрекет етуі керек?» деген сұраққа қатысушылардың 6 пайызы «Украинаны қолдау қажет және батыс елдерімен серіктестік қарым-қатынасты дамыту керек» деген нұсқаны таңдаған. «Түркі мемлекеттерінің кеңесін нығайту керек» дегендер – 14 пайыз. «Әскери потенциалды жетілдіру керек» дегендер –12 пайыз. «Ресейді қолдау қажет және ЕАЭС елдерімен серіктестік қарым-қатынас­ты нығайту керек» деген нұсқаны 36 пайыз респондент таңдады. Бұл сұраққа келгенде 39 пайыз қатысушы бейтарап қалуды жөн көрді. Бұл жерде «Ресей мен Қазақстан арасында осындай қақтығыс болу ықтималдығын» бағалау да маңызды көрсеткіш. Сауалнама қатысушыларының 65 пайызы және сұрақтарға орысша жауап берген респонденттердің 72 пайызы мұндай қақтығыстың болмайтынына сенімді. Бұл жауапты таңдағандардың ішінде қазақтілділер – 39 пайыз. Ал «Ресей тарапынан әскери агрессия болуы мүмкін» деген пікірмен қазақша жауап берген респонденттердің 38 пайызы, орыстілді респонденттердің 9 пайызы келіскен. Demoscope бюросының зерттеуіне сүйенсек, қазақстандықтардың 39 пайызы Қазақстандағы медианы қарайды. Сондай-ақ респонденттердің төрттен бір (23 пайыз) Ресей жаңалықтарын қалт жібермейді. Небәрі 2 пайыз респондент украиналық және 1 пайыз батыс елдерінің медиасына сенеді. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі (35 пайыз) жаңалықтарды әртүрлі ақпарат көздерінен алады.

Қауіп қайдан демеңіз?

Сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың РФ насихатына қаншалықты сенетінін көрсетеді. Яғни, отандастарымыз әлемге ресейлік медианың көзімен қарап келеді. Әрі халықтың көбі кімнің дауысы қаттырақ шықса, соның сөзіне еріп кеткені байқалады. Қалыптасқан жағдай мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен халқымыздың ауызбіршілігіне қаншалықты нұқсан келтіреді? Әзірге жауап беру қиын. Өйткені медиа ресурстар қоғамдағы тұрақтылықты шайқауға ықпал ете ме, жоқ па, ол жөнінде кешенді әлеуметтанулық зерттеу жасалмаған сияқты. Біз ондай зерттеулерді кездестіре алмадық. Ал теориялық тұрғыда медиа ресурстар қоғамдық пікір қалыптастыратыны жиі айтылады. Оның үстіне, әлеуметтік желілер ресми медиада жарияланған өнімдерді қиып, контекстен бөліп әкетіп тарататыны бар. Сөйтіп, кәдімгідей біржақты көзқарас пайда болады. Негізі, РФ БАҚ-тарының Кремль саясатын жүзеге асыруға тырысатыны о бастан белгілі. Әрі ресейлік медиа 2000 жылдардан кейін ресми түрде Кремльдің ықпал ету аймағын сақтау миссиясын атқарып келеді. Сондықтан посткеңестік елдерде мейлінше белсенді қызмет атқарады. Бұл тек Қазақстанның басындағы жағдай емес, посткеңестік кеңістіктің бәріне тән. Ресей бұл құралын қандайда бір елмен арадағы қарым-қатынас нашарлаған жағдайда немесе көрші-қолаң Мәскеуге ұнамайтын саясат жүргізбек болғанда жиі қолданады. Ондай мысалдар жеткілікті. Мәселен, Қазақстан кирилл қарпінен латын қарпіне көшу туралы шешімін жариялағанда ресейлік БАҚ-тар мұны «қапыда жасалған қастандық» деп атаған. Ақтауда Каспий елдерінің саммиті қарсаңында «Қазақстан Каспий төңірегінде АҚШ-тың әскери базасын орналастыруға келісім берді» деген жалған ақпарат шықты. 2008 жылы Грузияға басқыншылық жасағанда да ақпараттық шабуылды үдетті.

Тығырықтан шығар жол қайсы?

Міне, осындай жағдайда Қазақстан өз ақпараттық кеңістігін қорғаудың маңызды екені бірден көзге түседі. Рас, ресейлік телеарналарды жауып, өзіміздің телевизиялық контентіміздің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, сондай-ақ бәсекелестікті арттыру үшін басқа да атағы дардай халықаралық агенттіктердің біздің елде жұмыс істеуіне жағдай жасау тәрізді ұсыныстар ресейлік медианың ықпалын азайтуға азды-көпті септігін тигізуі мүмкін. Алайда Ресей медиасы ықпалының артуына қоғамдағы тілдік фактор бірінші кезекте септесіп отырғанын ұмытпаған дұрыс. Егер Қазақстан қоғамы тұтас мемлекеттік тілді бірінші орынға қоятын болса, ресейлік медианың ықпалы өздігінен бәсеңдер еді. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілді білмейтін немесе оны үйренгісі келмейтін отандастарымыздың қарасы әлі аз емес әрі солар бар кезде өзге елдің ақпараттық ресурстарының ықпалынан құтылу оңайға соқпайды. Дегенмен техникалық тұрғыда ресейлік медианың ықпалын азайтуға болады. Бірақ мұндай қадамның құқықтық астары да бар. Сарапшы Асылбек Бисенбаевтың айтуынша, ресейлік телеарналардың хабар таратуын тоқтату техникалық тұрғыдан оңай. Бірақ өзімізде олардың орнын жабуға қауқарлы отандық БАҚ жеткілікті ме? Жалпы, қазақстандықтардың орыстілді кеңістікте жүретіні жасырын емес. Тіпті, қазақтілділердің өзі қажетті дүниесін орыстілді контенттен алуға бейім. Қырғыз Республикасы мен Өзбекстандағы жағдай – осы. Бірақ Әзербайжандағы жағдай басқаша: олардың тілі түрікшеге ұқсас болғандықтан, түрік телеарналарын емін-еркін көре береді. Қажетті ақпараттың денін сол арналардан алады. Сондай-ақ орыстілді контентті ағылшын тілімен де алмастыра алмайсыз, өйткені «ағылшынды» еркін меңгерген отандастарымыз сонша көп емес. Демек, ресейлік медианы шектеген жағдайда тұтынушыға балама ұсыну мүмкіндігі де болуы керек. Мәселенің құқықтық астары деуіміздің сыры – осында. Сондай-ақ ресейлік БАҚ-ты жабу үшін бірқатар мемлекетаралық шартты, оның ішінде ТМД кезінде жасалған еларалық шартты бұзуға тура келеді. «Осы шарттар бойынша біздің міндеттемелеріміз бар. Бұл мәселені заңды түрде дұрыс шешу үшін біз бұл келісімшарттардың күшін жоюымыз керек. Немесе кем дегенде, Ресеймен бірлесіп қол қойған тұстарынан шығу процедурасын жасауымыз керек. Бірақ бұл екі тараптың арасындағы жағымсыз қадам болатынын түсіну керек»,– дейді Асылбек Бисенбаев. «Тіл тас жарар, тас жармаса бас жарар» деген қағидаға сүйенсек, қазіргі заманда қалың әскердің күші жетпеген қамалды ақпараттың күшімен жаулап алуға болатынын көз көріп жүр. Сондықтан да ақпараттық қауіпсіздікті мемлекеттің саяси тұрақтылығының басты кепілі ретінде қабылдағанымыз дұрыс. Сондай-ақ БАҚ-тың ең алдымен мемлекеттік органдарға емес, халыққа қызмет ететініне сезінуіміз қажет.