Өрісті ғылым – болашақ кепілі
Өрісті ғылым – болашақ кепілі
243
оқылды
Ғылымы өрге басқан елдердің қол жеткізген табысы – экономикасының қарыштап дамуы. Ал біздің елде оған алғышарттар жасалған ба? Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Жаңа Қазақстан моделін құрудың уақыт талабы екенін, сол уақыт үдесінен шығып, еліміздің тұрақты даму жолына түсудің қаншалықты маңызды екенін айтып өтті. Жаңа Қазақстанның іргетасы берік болуы үшін бірінші кезекте еліміздегі ғылым мен білімнің сапалық деңгейі анағұрлым жоғары болғаны дұрыс. Бұл айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар білікті маман дайындауда әлеуеті жоғары бес жоғары оқу орнының филиалын ашу мәселесі – отандық ғылымды дамытудың тағы бір алғышарты деуге тұрарлық ілкімді іс. Қазақстанда ғылыммен айналысатын шамамен 383 түрлі ұйым бар екен. Солардың басым бөлігі жоғары оқу орындары мен зерттеу институттарына қарасты болып отыр. Ал еліміздегі ғылымды дамытуға бағытталған 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаға сай бұл бағытқа 11,5 миллиард қаржы бөлу қарастырылған. Бұл қаржы ғылымға деген қажеттіліктің барлығын өтей ала ма, ол әлі де толыққанды шешілмеген. Жыл сайын еліміздегі ғылымды дамыту үшін сан түрлі жобалар ұсынылып, конкурстар өткізіліп тұратыны белгілі. Президент ғылымды қаржыландыру 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына жетуі тиіс екенін қадап айтты. Сонымен қатар ешкімге керексіз, бәсекелестікте салмағы жоқ, мағынасыз, мәнсіз ғылымды қаржыландыруды тоқтатқанның дұрыс екенін де ескерткен болатын. М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті де отандық ғылымның дамуына өз үлесін қосып отыр. Қазір университетте қызмет атқаратын оқытушы-профессорлардың ғылыммен айналысуына толық мүмкіндік жасалған. Жақында ғана университеттің оқытушы-профессорлары арасында жүргізілген анкеталық сұрақтың нәтижесі соны көрсетті. Дулати университетінің профессор-оқытушылар құрамы заман ағымына сай өзгерістерге қарай қадам жасап отыр. Қоғамның дамуына, өңірдің өркендеуіне қызмет ететін жаңа білім бағдарламалары – оқу орнындағы 908 профессор-оқытушының еңбегі. Ал осы құрамның 38-і ғылым докторы, 286 ғылым кандидаты және 60 PhD докторы, 473 магистр екенін ескерсек, оқу бағдарламаларының мәні мен мазмұны қаншалықты салмақты екенін саралай беруге болады. Жалпы, ғылымның қоғамдағы рөлі қандай екенін бағамдау үшін экономикадағы – интенсивті және экстенсивті жүйе­нің айырмашылығын саралаудың өзі жеткілікті. Көп шығын жұмсап, аз өнім алу – қай салаға да тиімсіз. Ал жаңа технологияларды енгізіп, ғылыми негізі бар жаңа әдістерді қолдану өнімділікті арттырады. Осы әдіс-тәсілдерді ұсынатындар кім? Әрине, зерттеу-сараптау жұмыстарының нәтижесіне сүйеніп, тың жобаны әзірлейтін өнертапқыштар, ғалымдар, зерттеу­шілер. Бір сөзбен айтқанда, ғылым барлық салаға серпіліс әкеледі. Экономиканың әр саласын біріктіретін, яғни интеграциялайтын күш те – осы. Сондықтан ғылымы дамымаған ел, өркениет көшінде көш соңында қалады деп нақты айтуға болады. Міне, осы себепті университетте қабылданған 15 ғылыми-зерттеу бағдарламасының құрамдас бөлігінде қамтылған бірқатар тақырыпта облыстың экономикалық даму ерекшеліктері ескерілген. Соған байланысты көрсетілген тақырыптық жоспарға сәйкес 104 ғылыми-зерттеу бағытында жұмыс жүргізіледі. Оның 2-і – іргелі, 92-сі – қолданбалы, тағы 10-ы – тәжірибе-құрылымдық зерттеу тақырыптары болуының өзі көп нәрсені аңғартады. Осы тақырыптар нәтижесін беріп, жобалар қабылданса, оның өңір экономикасын арттыруға көп көмегі тиері анық. Былтыр ғылыми-зерттеу жұмыстары 2 институт, 5 факультетте, 51 кафедрада, 2 ғылыми-зерттеу институтында, 1 ҒОӨО және 11 ғылыми орталықта жүргізілді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалпы қаржыландыру есептік жылда 127,6 миллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстарғанда 3 есе көп. Тағы бір айта кететіні, 12 ғылыми-зерттеу жобасы, оның үшеуі халықаралық, алтауы бюджеттік, үшеуі шаруашылық келісімшарт негізінде жүзеге асырылды. Бөлінген қаражатқа талдау жасасақ, бір штаттық оқытушыға шаққанда қаржыландыру көлемі 140,5 мың теңгені құрағанын көруге болады. Осының өзі – ғылымды дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп отыр­цғанының көрінісі. Зерттеу жұмыстарын жүргізуде игерілген қаржының ең жоғары көлемі Ұстаз институтына тиесілі. Атап айтсақ, соңғы жыл ішінде ғалымдардың зерттеуі үшін 63 миллион теңге жұмсалған. Ал университет ғалымдары ұсынған халықаралық жобалардан түскен түсім 44 миллион теңгені құрайды. Зерттеушілеріміздің ғылыми белсенділігі де жоғарылап келеді. Мәселен, былтыр республикалық конкурстарға, гранттарға, шәкіртақыға 115 өтінім жіберілген. Атап айтсам, өткен жылы «Ә.Ахметов атындағы Наноинженерлік зерттеу әдістері» ғылыми-зерттеу зертханасынан ҒЗЖ нәтижелерін коммерцияландыру» офисіне коммерцияландыруға өтінімдер берілді. Қазір осы өтінімдерге байланысты тиісті мекеме басшыларымен хат алмасулар, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келісімшарт жасасуға ниетті мекемелер көп. Былтыр университет ғалымдарының 21 монографиясы жарық көрді. Зерттеу­шілердің 1 407 ғылыми мақаласы жарияланды. 262 жарияланым шетелдік басылымдарда басылғанын атап айту керек. Тағы бір атап өтетіні, есептік жылда патенттік-лицензиялық жұмыс аясында өнертапқыштық саласында берілген өтініштер негізінен жеңіл, тамақ, химия өнеркәсібі, гидротехника, энергетика, құрылыс салалары үшін өнімділігі жоғары машиналарды және технологияларды құруға бағытталды. Өнертабыстарды рәсімдеуге жалпы 37 өтініш беріліп, Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркелді. Олар 10 пайдалы модельге және 22 авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер берді. Осындай нақты жұмыстардың арқасында 2021 жылы 229 студент халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық және университетішілік олимпиадаларға қатысып, 119-ы жүлдегер атанды. Соның ішінде 31 жамбылдық жас зерттеуші өз білімдерін халықаралық деңгейде дәлелдеп шықты. Ғылыми жаңалықтардың уақытылы айналымға енгізілмеуіне кей жағдайларда ақпараттық вакуум кедергі келтіреді. Жасалған жұмыстарды жарияламаудың, қаржыландыру конкурстарына өтінім жібермеу немесе өтінімдерді дұрыс рәсімдемеудің салдары – тың жобалардың уақыт өте келе өзектілігін жоғалтып алуына әкеліп соқты. Оны шешудің жолы –орындалған жұмыстардың нәтижелері бойынша авторлық құқық және патенттер алу. WoS, Scopus базаларындағы рейтингі жоғары басылымдарға және КОКСОН тізіміне енген журналдарға мақала жариялау. Сондай-ақ қаржыландыру конкурстарына өтінімдерді дұрыс рәсімдеуге көмектесу. Осы жайттарды саралай келе, біз өз тарапымыздан жарияланым жасауға, құжаттар рәсімдеуге қолдау көрсетуді қолға алдық. Хорезмиден қалған мысалдың өлшеміне салсақ, елімізде іргелі ғылымдар мен қолданбалы ғылымдар мықты дамымайын­ша, шетелден әкелген жаңа технологиялар мен күн сайын өтіп жатқан жиналыс, кеңестердің де пайдасы болмайтынына көз жеткізетін уақыт жетті. Бір ғана ақиқат бар. Білім мен ғылым дамымайынша, бәрі бекер. Ғылымға керекті қолдауларды ұйым­дастыру соншалықты үлкен тәуекелді қажет етпейді. Себебі ғылым мен білімге құйған қаржы 10 тіпті 100 еселеп кері қайтатыны сөзсіз.

Талғат ЕШЕНҚҰЛОВ, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор