Петропавл атауын өзгерту туралы ұсынысқа қатысты қала әкімі пікір білдірді

Петропавл атауын өзгерту туралы ұсынысқа қатысты қала әкімі пікір білдірді

Петропавл қаласының атауын ауыстыру қоғамда жиі талқыланады. Жуырда онлайн петиция жарияланды. «Қала атауы өзгере ме?» деген сауалға қала әкімі Болат Жұмабеков Facebook-тағы парақшасында жазба жариялап, пікірін айтты. «Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы онлайн петицияның жақтастары мен қарсыластарының пікірталасы жүріп жатқанын байқадым. Бұл петицияны жеке тұлға мемлекеттік емес сайтта жасағанын атап өткім келеді. Мемлекеттік органдардың бұл бастамаға қандай да бір қатысы жоқ. Қала әкімдігінің күн тәртібінде қайта атау туралы мәселе көтерілмегенін ресми түрде мәлімдегім келеді. Бұл мәселе туындаған жағдайда да, оны қарау біздің қаламызда тұратын халықтың пікірін ескере отырып, елдің ономастика саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі», – деп жазды әкім. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде пікір жазғанда жауапкершілікті де ұмытпау керегін еске салды. Пікір жазатын азаматтар бір-бірін сыйлайтындығына сенім білдірді.