12 сәуір елімізде Ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл күн - Алматыдағы Сәтбаев атындағы университет ұжымы мен шәкірттері үшін үлкен мереке. Бұл күні Қ.И.Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етумен басталатын шара үлкен жиынмен жалғасын тауып, түрлі студентаралық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Соның бірі оқу орнындағы, Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай институты жас геологтар арасында интеллектуалды жарыс өткізді. 9 команда үздік геолог атағымен қоса ақшалай сыйлықтар үшін бақ сынады. 3 кезеңнен тұратын ойынға қатысушылар тестілеуден өтіп, азимут бойынша есептер шешумен бірге, тау жыныстары мен минералдарға талдау жасады. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл ойында "АМЕТИСТ", "Не учи ученого", "ROCKERS" топтары үздік деп танылып, сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ бүгін университетте "Сәтбаев оқулары-2022» аясында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Жыл сайын өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның тақырыбы «Қазіргі ғылыми зерттеулердің трендтері» деп аталды. «Қазіргі ашықтық, қолжетімділік заманында ғылыми пікірлермен, идеялармен бөлісу және алмасу бұрынғы уақытқа қарағанда барынша оңайға түсіп отыр. Сондықтан, ғылымның дамуы жоғары қарқынмен келуде. Осы орайда, зерттеулерді іске асыру, оларды жүргізу, ендіру, жариялау сатыларына едәуір өзгерістер күн артып еніп отырады. Мұндай прогресс тек алға жылжуды, тоқтамауды және заманауи трендтерді білуді, оларды сараптауды, ұстануды көздейтіні анық», – дейді конференцияны ұйымдастырушылар.Ақмарал Бейсебаева
Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің Қоғаммен байланыс орталығының қызметкері