Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Оған депутаттар, үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ-тың рөлі, жауапкершілігі, әлеуметтік күйі, кәсіби әлеуеті және «Жаңа Қазақстан: мәдени-рухани әлем және кітап шығару» тақырыптары қаралды.
Партияның кезектен тыс ХХІІ-ші Съезінде Президент, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны түбегейлі қайта жаңғыртудың мақсат-міндеттерін айқындап, «AMANAT» партиясының мемлекеттің тәуелсіздігі мен елдің бірлігі үшін қызмет ететініне зор сенім білдірді.
Осы орайда кеңес отырысын ашқан партия Атқарушы хатшысы Асхат Оралов соңғы екі айда қоғамда, партия құрылысында үлкен өзгерістер орын алып, Жаңа Қазақстан құру жолындағы трансформацияның партиядан басталғанын айтты.
Ол халықпен кері байланысты жетілдіру мақсатында құрылымы қайта жасақталған партия жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысындағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы биыл ұлттық мәдениет пен өнерді қолдауда бірнеше іс-шараны қолға алады. Соның бірі – айтыс.
«Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек биыл «Бабалар аманаты» айтысын да ұйымдастыруды ұсынамыз. Партия әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зергерлерін қолдайды. Бұдан бөлек, биыл еліміз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы және Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл секілді айтулы даталарды атап өтеді. Осы мерейтойларды атап өтуге партия жан-жақты қолдау көрсетеді», - деді А.Оралов.
Кеңес отырысында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Президент Жолдауында айтылған мәдени мұраларымыз бен тарихымызды тануға қатысты қойылған міндеттерге сәйкес, министрліктің қолға алған ауқымды жұмыстарына тоқталды.
«Кітап шығару ісін одан әрі дамыту үшін жас қаламгерлерді қолдау аса маңызды. Осы ретте 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Қазір тиісті мемлекеттік органдар Жарлық жобасын әзірлеп жатыр. Оған қоса биыл министрлік «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қаламгер» атты конкурс-жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр», - деді министр.
Кеңестің жаңа төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жаңа құрамдағы «Miras»-тың жұмысына сәттілік тілей отырып, азаматтық қоғам қалыптастыру мен мәдениет салаларын дамытудағы қордаланған мәселелерді бірігіп талқылау, нақты ұсыныстар айту ортақ мақсат екенін жеткізді.
«Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттыруға баса назар аударған болатын. Бүгінгі біздің талқылау алаңымыз осы тақырыпқа бағытталады. Әлемдік кеңістікте ақпараттық шабуыл өршіп тұрған бүгінгі күрделі кезеңде еліміздің ақпараттық кеңістігін нығайту – негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі. Бұл тұрғыда Президент Жолдауында ескертілгендей, қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырмалармен жұмыс істеуден, көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың басқа да топтардың саясатына арбалып қалудан сақ болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті және еркін, мықты БАҚ қалыптастыру үшін не істемек керек?», - деген ойды ортаға тастады.