Нидерландта өткен Роттердам марафонында отандасымыз Жанна Мамажанова Қазақстан рекордын жаңартты. Соңғы рет рекордтық көрсеткішті 1987 жылы Токиода Зоя Иванова орнатқан. КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Зоя Иванованың ол кездегі көрсеткіші 2:27:57 болған. Ал Жанна Мамажанова 42 шақырым 195 метр қашықтықты 2:26:54 уақытта кесіп, Роттердам марафонының қола жүлдесін жеңіп алды. «Марафон ойдағыдай өтті. Жүгіру барысында қарқынды бірқалыпты ұстауға тырыстым. рекорд жаңартуды алдын ала жоспарладым. Ол үшін маған әрбір шақырымды 3:30 минутта өту керек болды. Жүгіріп келе жатып әйелдер арасында шамамен «топ-8», «топ-7» қатарында болатын шығармын деп ойладым. Бірақ соңғы шақырымдарда кениялық екі қызды байқадым. Мәрені кескенде де өзімнің үшінші болып келгенімді білмедім. Мен үшін бастысы, ірі халықаралық додада ел рекордын жаңарту болды», – дейді қазақстандық желаяқ Жанна Мамажанова.