Жаңа нарық, балама бағдар – тығырықтан шығар жол ма?
Жаңа нарық, балама бағдар –  тығырықтан шығар жол ма?
© коллаж: Елдар Қаба
Еліміз сыртқы нарықта жал­пы саны 190 елмен сау­да-саттық қа­рым-қатынас жа­сайды екен. Әйтсе де, түр­­лі экономикалық ахуалға байланысты бұл цифр өзге­ріп оты­рады. Мәселен, 2021 жы­лы сауда серіктестеріміз 116 ел болыпты. Бірақ бұл жерде өзгермейтін бір нәрсе бар. Бұл елдердің көш ба­сын­да ұзақ жыл бойы Ре­сей мем­лекеті келеді. Соңғы бір жа­рым айдан бері қалып­та­сып отырған гео­саяси ахуал­дың экономи­калық күрделі салдарынан кейін еліміз жаңа нарық пен жаңа бағдарлар іздей бас­таған болатын. Ен­де­ше он­дай мүмкін­ді­гіміз қан­ша­лықты?!

Экспортта үдемелі ұлғаю бар

Қазақстанның сыртқы сауда серік­тестерін бастап тұрған Ресей Федера­циясының жалпы тауар айналымындағы үлес салмағы – 23,7%. Одан кейінгі орын­да Қытай (18,2%) мен Италия (9,5%) тұр. Бұл – «әскери операцияларға» де­йінгі мә­лімет. Осы 2021 жылдың 10 айында елі­міздің тауар ай­налымы 82,2 млрд доллар болған болса, оның басым бөлігін (49,1 млрд дол­лар) 23,5% өсіммен экс­порт, қал­ғанын (33,1 млрд доллар) 2,4% өсім­мен импорт құраған. Өсім тен­денциясы биыл да сақ­талып отыр. «Биылғы қаңтар-ақпан айла­рында негізгі трендтер бойынша экс­порт көлемінің үдемелі ұлғаюы байқалады. Сыртқы сауда тауар ай­налымы 53%-ға өсіп, 18,2 млрд дол­лар болды. Оның ішінде экс­порт бойынша көрсеткіш 71,4%-ға өсіп, 12,1 млрд, импорт 6,1 млрд дол­ларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы – 6 млрд доллар. Өңдеу өнеркәсібі тұ­рақты өсу үрдісін сақтап отыр. Осы жыл­дың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 6,5%-ға өс­ті. Бұл рет­те оң өсім барлық өңірлерде бай­­қалды. Ең көп ұлғаю Алматы қаласында, сон­дай-ақ Солтүстік Қазақстан және Аты­рау облыстарында бай­қала­ды», – деді Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров. Әрине, экспорттық мүмкін­ді­гіміздің ар­та түскені қуантады. Бұл Қазақстанда өндірілген өнімдердің кем дегенде 50%-ы сыртқы на­рыққа кетіп жатқанын аңғартса керек. Бірақ бұл көрсеткіштердің ішінде солтүстік көршіміздің үлес салмағы әлі де болса басым еке­нді­гін жоққа шығаруға болмайды. Өйт­кені еліміздің логистикалық және транзиттік қатынастардың басым бөлігі солармен байланыс­ты. Ал олардың экономикалық қиын­дықтарға тап болып отыр­ғаны бізге де салқынын тигізіп отыр. Соның бір салдары – баға қымбатшылығы. «Украина мен Ресей арасын­да­ғы қақ­тығыс аясында Ресей Фе­­де­рациясына қар­сы салынған санк­­ция­ларға байланысты ло­­гистика­лық проблемалар туын­дап, экс­порт көлемінің қысқаруы әсерінен нау­рыз­да өсімдік майы (бір айда 23,2%-ға) және дәнді дақылдар (17,1%) бағасының ре­кордтық өсуі тіркелді. Бұл FAO азық-түлік баға­лары индексін, ол қолданысқа ен­ген, 1990 жылдан бер­гі ең жоғары дең­гейіне алып келді. Биыл Қа­зақ­стан үшін сырт­қы инфляциялық жағдай тауар жеткізу проблема­ларының сақта­луына, азық-түлік пен шикізат бағасының өсуіне, теңге бағамы­ның әлсіреуіне және геосаяси тә­уекелдердің іске асуына байла­нысты қолайсыз болады», – дейді Ұлттық банк төрағасы Ға­лымжан Пірматов. Бұл тұста мамандар экспорт өсіп жат­қанымен Еуроодақ елде­ріне тауар жеткізу азайып кеткенін атады. Сондықтан да жаңа нарық пен балама бағдар іздеудің өзек­тілігі артып отыр.

Теңіз дәлізі тар емес пе?

Былтырғы жыл еліміз үшін Қы­таймен шекарада жүктеріміздің кеп­теліп қалуымен есте қалған бол­­са, биыл мұндай жағдай Ресей жа­ғында қайталанды. Айырма­шы­лығы – солтүстік көршіміздің теңіз портта­рында қаңтарылып қалға­ны. Бұл пробле­малық жүктерді Еуропа порттарына аралық тран­зит жасау­мен шешуге тырысқан еліміз­дің Индустрия және инфра­құрылым­дық да­му министрлігі ты­ғырықтан шығудың жо­лын ба­лама бағдардан іздестіре бастаған еді. «2021 жылы теміржол арқылы тасымал­данған экспорт көлемі 81 млн тоннаны құрады. Оның тең жартысы, яғни 41,7 млн тоннасы Ресейдің өзіне, 19,3 млн тоннасы оның аумағы арқылы үшінші ел­дерге жібе­рілген. Бұл жүктің басым бөлігі (13,2 млн тонна) РФ-ның те­­ңіз порттары арқылы жө­нел­ті­леді. Бүгінде теңіз секторына рес­ми түрде санкциялар салынба­ған. Бірақ кейбір кемемен жүк та­сымал­даушы компаниялар Ре­сей­дің порт­тарынан тауар алмай қойған­дықтан, жүктеріміз кідіріп қалып жатыр. Соған сәйкес, Лат­вияның, Қытай­дың теңіз айлақ­тары арқылы жүк жөнелту жолда­рын қарастырып жа­тырмыз. Со­нымен бірге «Транс­каспийлік ха­лықаралық көлік бағ­дарының» (ТМТМ) әлеуетін дамы­ту мәселе­сін көтеріп отырмыз», – делінген министр­лік таратқан мәліметте. Қалыптасып отырған жағдай біздің елдің ғана емес, үстімізден транзит арқылы өтетін өзге мем­лекеттердің де жүктері үшін кедергі болып отыр. Сондықтан да теңіз дә­лізінің әлеуетін арттыру Қытай – Еуро­одақ – Қытай бағытындағы жүк тасымалы­ның негізгі өткелі болмақ. Осы мақсатта ИИДМ бағ­дардың жалғасы болатын Әзер­бай­жан мен Грузия елдерінің көлік тасы­малы саласындағы басшы­лығымен келісім жасауда. Таяуда қазақстандық делегация Шекве­тили қаласында өткен жыл са­йын­ғы Black and Caspian Sea Ports & Shipping 2022 конференциясына қатысып қайтты. «ТМТМ арқылы 2022 жылдың бірінші тоқсанында өткен жаңа тауар – металл жаймалау өнімі бо­лыпты, енді таяу уақытта бидай, ұн, мыс тасымалдау бойынша ке­ліс­сөздер жүргізуде. Бұл бағытты жан­дандыру мұнда жаһандық ойыншы­ларды тартуға, Еуропадан кері тасы­малды ұйымдастыруға, Қара теңіздегі порттардың ин­фра­құры­лымдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Дәстүрлі тасы­мал бағыт­та­рындағы қиын­дық­тарға сәйкес Транскаспий бағыты Еу­ропа елде­ріне тіке шығатын қысқа әрі эко­­номикалық тиімді жол саналады. Прези­денттің Үкі­метке берген тапсырмасына сәй­­кес, Қазақстанды халықаралық өнеркә­сіптік коопе­рациялар бо­йынша жобаларға кірігуіне мүм­кіндік береді. Жиынға 22 елден келген делегация қатысты. Кон­ференция барысында Поти және Батуми порттарына барып, жұмы­сымен таныстық», – дейді QazTrade Сауда саясатын дамыту ор­та­лығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы. Осы ретте ТМТМ Ха­лықаралық қауым­дастығы соңғы қалыптасқан ахуалды ескере оты­рып, тасымал тарифін өткен жыл­ғы деңгейде сақтап қалу мәселесін қарастырып отыр. Сондай-ақ Қа­зақстан, Әзербайжан және Грузия бірлескен кәсіпорын құру туралы да келісімге келіп отыр.