Қазақ өмірінің энциклопедиясы
Қазақ өмірінің энциклопедиясы
739
оқылды
Биыл кемеңгер жазушы, ғұлама ғалым, абайтану ғылымының асқан білгірі, қазақ руханиятының асқақ тұлғасы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы кітабының жарық көргеніне – 80 жыл. «Абай жолы» әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасының бірегейі, қазақ халқының төл әдебиетіндегі тұңғыш эпопеяның бірінші кітабы 1942 жылы жарыққа шықты. Роман-эпопеяның «Абай» атанған екі кітабына 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілсе, 1959 жылы тұтас төрт томына Лениндік сыйлық бұйырды. 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жарияланды. Бұл – болашақ романның бір тарауы еді. 1937 жылғы қуғын-сүргіннің екінші легінен Мұхтар Әуезов аман қалғанымен жұрт одан сырт айналды. Театр репертуарынан пьесалары алынып тасталды. Өзі жұмыстан қуылды. Сол қиын-қыстау кезеңде жазушы Абайдың бейнесіне ден қойды. «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан». Бұл – Абай елінде туып, жастайынан ақынның өсиеттерін құлағына сіңіріп өскен Мұхтар Әуезовтің сөзі. «Бір жылы жазғытұрым өз әкем Абай кітабы келеді деп, өзімді көп уақыт бір үлкен сыйлық беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп, ақ шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді. Абайдың өлеңдерін жақсы көрдім. Бәрін ұқпасам да, ұйқастың өзі де қызығатындай әсер етеді. Бірақ әкем ылғи жаттатқанда, ұзақ, қиын сөздерді беретін. Соның ішінде «Ат сынынан бастап», «Алланың өзі де рас, сөзі рас» деген өлең сөздерін жаттағанымды білемін», – деп еске алыпты. М.Әуезовтің шығармашылығында «Абай жолы» роман-эпопеясының орны бөлек. Абайдай ұлт мақтанышын дүниежүзіне танытқан қаламы қарымды қаламгер өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. «Абай жолы» роман-эпопеясы оңай жазыла салған шығарма емес. Мұхтар Омарханұлы кесек туындыны дүниеге әкелу үшін талай мұрағатты ақтарып, қаншама адаммен сырласып, ұйқысыз түндер өткізді. Роман жарық көргеннен кейін де, қайта-қайта қудаланып, сынға ұшырады. Бірақ жазушы еш мойымады. Оның «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Әуезов Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты. Мұхтар Омарханұлы алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), одан кейін мұның жалғасы ретінде «Абай жолы» (1952, 1956 жылдардағы бұл да екі кітаптан тұратын) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға 1949 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығы табысталды. Ал төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы басылып шыққаннан кейін, 1959 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанып, отыздан астам тілге аударылып әлемнің әр тарабындағы оқырмандардан өте жоғары бағасын алды. «Абай» романының жарық көруі Қазақ­станның мәдени өміріндегі ерекше оқиға болатын. Бүгінде жазушының шығармашылық әлеуетін айдай әлемге жарқырата көрсеткен «Абай жолы» туындысы жүз жиырмадан астам тілге аударылған. Хакім Абай хақындағы осы туындыны жазу үшін Мұхтар Омарханұлы бала жасынан жадында жаңғырған ақынның жырлары мен санасында сақталған Абай туралы әңгімелерді негізге алады. Бұл туынды қазақ баласының қызығушылығын тудырып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі тұлғалардың да назарын аударып, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі ретінде Луи Арагон, Бенжамен Матип, Константин Федин сияқты қаламгерлердің бағасын алды. «Абай жолы» қазіргі қазақ прозасын күллі дүниежүзіне танытып, әдеби классиканың шырқау шыңына жетіп, әлем әдебиетінің жауһарына айналды. Жазушы ХІХ ғасырда ғұмырын кешкен данышпан ақын Абай Құнанбайұлының өмір жолын, бастан кешкен қилы тағдырын әңгімелеу арқылы қазақтың сан ғасырлық салты мен мыңжылдықтарды артқа қалдырған мәдениетін, бай әрі көркем тілін, қазақ даласының көз тартар келбетті табиғат көріністерін паш етті.

Қуат ҚИЫҚБАЙ, жазушы