Биыл кемеңгер жазушы, ғұлама ғалым, абайтану ғылымының асқан білгірі, қазақ руханиятының асқақ тұлғасы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы кітабының жарық көргеніне – 80 жыл. «Абай жолы» әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасының бірегейі, қазақ халқының төл әдебиетіндегі тұңғыш эпопеяның бірінші кітабы 1942 жылы жарыққа шықты. Роман-эпопеяның «Абай» атанған екі кітабына 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілсе, 1959 жылы тұтас төрт томына Лениндік сыйлық бұйырды.
1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жарияланды. Бұл – болашақ романның бір тарауы еді. 1937 жылғы қуғын-сүргіннің екінші легінен Мұхтар Әуезов аман қалғанымен жұрт одан сырт айналды. Театр репертуарынан пьесалары алынып тасталды. Өзі жұмыстан қуылды. Сол қиын-қыстау кезеңде жазушы Абайдың бейнесіне ден қойды. «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан». Бұл – Абай елінде туып, жастайынан ақынның өсиеттерін құлағына сіңіріп өскен Мұхтар Әуезовтің сөзі.
«Бір жылы жазғытұрым өз әкем Абай кітабы келеді деп, өзімді көп уақыт бір үлкен сыйлық беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп, ақ шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді. Абайдың өлеңдерін жақсы көрдім. Бәрін ұқпасам да, ұйқастың өзі де қызығатындай әсер етеді. Бірақ әкем ылғи жаттатқанда, ұзақ, қиын сөздерді беретін. Соның ішінде «Ат сынынан бастап», «Алланың өзі де рас, сөзі рас» деген өлең сөздерін жаттағанымды білемін», – деп еске алыпты.
М.Әуезовтің шығармашылығында «Абай жолы» роман-эпопеясының орны бөлек. Абайдай ұлт мақтанышын дүниежүзіне танытқан қаламы қарымды қаламгер өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. «Абай жолы» роман-эпопеясы оңай жазыла салған шығарма емес. Мұхтар Омарханұлы кесек туындыны дүниеге әкелу үшін талай мұрағатты ақтарып, қаншама адаммен сырласып, ұйқысыз түндер өткізді. Роман жарық көргеннен кейін де, қайта-қайта қудаланып, сынға ұшырады. Бірақ жазушы еш мойымады. Оның «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті.
Қуат ҚИЫҚБАЙ, жазушы