Суық қару қандықолға түспесін!
Суық қару қандықолға түспесін!
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
455
оқылды
Елімізде қарудың жекелеген түрлеріне рұқсат берілген. Заңды тұлғаларға берілетін қару түрлері мен азаматтардың өзін қорғауға, аңшылық және спорттық мақсатта қолданатын қарулардан бүгінде қоғамға қауіп төніп тұр. Жуырда ғана Атырауда халық­тың зәресін алған қылмыстық оқиға болды. Қала орталығында үш адамды атып өлтіріп, бір адамды ауыр жарақаттаған азаматтың қолында екі тапаншасы болған. Тапаншалар оқиға болған аймақтан табылып, сараптамаға өткізілді. Енді азаматтың қаруды қайдан алғаны анықталып жатыр. Жыл сайын Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес, «Құқық­тық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында атыс қаруын заңсыз айналымнан алуға, ұрланған және жоғалған қаруды іздеуге, сондай-ақ азаматтық қару иелерін тұрғылықты жері бойынша оның сақталуы туралы заңнама талаптарының орындалуына тексеру жұмыстары жүргізіледі. Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет: «Биылғы қаңтар айында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 27 дана қару және 30 дана иір ойықты атыс қарудың оқ-дәрісі анықталды. Қылмыстық кодекстің 287-бабымен 12 қылмыстық іс тіркеліп тергеу амалдары жүргізілуде. Атыс қаруды заңсыз сақтағаны үшін 14 тұлға Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 482-бабымен әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. «Криминалдық қару» есебінде тұр­ған 6 дана атыс қарулары анық­талды», – дейді. Таңғаларлығы, түзету мекемесінде отырған 1998 жылы туған ер адам 2 дана мылтықтың жасырылған жері туралы полицияға хабарлаған. Оның берген ақпаратына сәйкес, тексеру кезінде қарулар анықталып, тәркіленген. Одан бөлек, тұрғындардың бірі Жайық жағалауынан пневматикалық тапанша тауып алып, өз еркімен полицияға тапсырған. Ал«Құқық­тық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы барысында деструктивті діни ағымды ұстанушы, бұрын сотталған 31 жастағы азаматтан сериялық нөмірі өшірілген «Оса» травматикалық тапаншасы тәркіленген. Атырау облыстық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Қанат Қабсиховтың айтуынша, облыста заңнама талабына сай, жеті мыңға жуық азамат 9 мыңнан астам қаруды заңды түрде тіркеуден өткізген. – Азаматтардың дені аңшылық мақсатта қару сатып алып тіркеп отыр. Жер үйде тұратын тұрғындар өздерін қорғау мақсатында сатып алады. Қару сатып алғандар қатарында ішінара спорттық мақсатта алып, тіркетіп отырғандар бар. Инкассаторлық және күзет қызметтері де бізден рұқсат алады. Ол жерде жұмыс істейтін әр қызметкер тексеріледі. Жылына бір рет жергілікті учаскелік инспекторлармен бірлесіп, қару сақтау, тасымалдау, тіркеу ережелерінің сақталуын қадағалап отырамыз. Осы жұмыстармен қатар қару сатып алуға рұқсат алу үшін өтініш берген азаматтардың бұрын сотталмағаны, наркологиялық және психиатриялық есепте бар-жоғы тексеріліп, қоғамға қарсы көзқарастағы әрекеттерін де анықтап аламыз, – дейді Қ.Қабсихов. Айтарлығы, жыл басында жергілікті полиция қызметкерлері қылмыстық топты ұстап, олардан 7 қару тәркілеген. Екі «Тайга», екі шолақ мылтық, екі винчестер. Жеті қарудың бірі жоғалған қару болса, екіншісі Алматыда пәтер тоналған кезде ұрланған болып шықты. Атырау облыстық Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұрсұлтан Мұхамбетқалиев: «Қару түрлері біздің елге шекарадан заңсыз өткізіліп те келеді. Бізде тыйым салынған травматикалық қаруды Ресейде азаматтық тұлғаларға пайдалануға рұқсат бар. Ресеймен біздің ел арасында кеден шекарасы ашық. Көлік иелерінің құжаттары мен жеке басын тексеріп қана жібереміз. Қарумен ұсталғандардың дені «оны даладан тауып алдым» деп айтады. Көбіне адамдардың немқұрайдылығынан жоғалтқан қарулар, пәтер тонау кезінде ұрланған және заңсыз айналымда ұрланған қарулар анықталып отыр. Сосын кей азаматтар аңшы қаруының басын кесіп, қылмыстық мақсатта пайдалану үшін шолақ мылтық жасап алады. Қару-жарақ есірткі саудасы секілді интернет арқылы да сатылуы мүм­кін. Мәселен, сатушы Telegram мессенджері арқылы сатушымен байланыс орнатып, суық қаруға, яғни «тауарға» тапсырыс береді де, QIWI кошелек арқылы онлайн төлем жасайды. Ақша түскеннен кейін сатушы «тауардың» тұрған жері жайлы мәлімет береді», – дейді. Расында, бүгінде қару сатып алу да есірткі саудасы секілді қызып тұрғанға ұқсайды. Күні кеше атыраулық полицейлер мас жүргізушінің көлігінен заңсыз қару тәркіледі. Атырау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Атырау қаласына қарасты шағынаудандардың бірінен Chevrolet Cobalt автокөлігін тоқтатып тексеру кезінде 1979 жылы туған азаматтың алкогольдік ішімдік ішкен мас күйде екенін, сонымен қатар көлік құралының артқы орындығында белгісіз қару жатқанын анықтаған. Аталған азамат медициналық куәландыру нәтижесінде «орта» дәрежелі мас күйде екені анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөліміне сәйкес әкімшілік іс-құжаттар жинақталып, әкімшілік істер жөніндегі мамандандырыл­ған сотқа жолданды. Тиісті құжаттары жоқ пневматикалық винтовка тексеру үшін жедел тергеу тобына тапсырылған. Айдың-күннің аманында атыс-шабыс болып жатса, бұл қарапайым халықты үрейлендірмей қоймасы анық. Заңсыз қару алып, заңды белінен басып жүргендер бір уақ елдің тыныштығы туралы ойланар ма екен?!

Атырау облысы