Теңге бағамын ұстап тұру үшін жұмсалған ақшаның басым бөлігі Ресейге кетті – Мәжіліс депутаты
Теңге бағамын ұстап тұру үшін жұмсалған ақшаның басым бөлігі Ресейге кетті – Мәжіліс депутаты
Фото: newtimes.kz
185
оқылды
AMANAT партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Премьер-министрдің атына бизнесті қорғау және қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдады.  "Ресей біздің негізгі сауда әріптесіміз әрі олардың бүгінгі экономикалық проблемалары міндетті түрде Қазақстанды да қозғайды. Әсер етудің негізгі арнасы – рубль бағамы. Соңғы уақытта рубль бағамы, сонымен бірге, теңге де нығайды. Бірақ бұған алданбау керек. Рубльдің ағымдағы бағамы нарықтық емес, әкімшілік болып табылады. Валюталық операциялар толығымен дерлік шектелген, валюталық түсімді міндетті түрде сату қолданылады. Ресми түрде, доллар бағамы – 80 рубль шамасында, ал «қара нарықта» 100 рубльден жоғары. Әрі бұл ең жоғары шек емес. Ұлттық банктің мәлімдемесіне қарағанда, теңге бағамы бұдан былай рубльге байланысты болмайды. Рубль бағамы бір рубль үшін 5,7 теңгеден 4 теңгеге дейін, яғни 30%-ға төмендегенін көрдік. Бұл ресейлік тауарлар арзандап, ал қазақстандық тауарлар Ресейде қымбаттауда дегенді білдіреді. Бізде рубль 3 теңгеге дейін құлдыраған 2014-2015 жылдардағы тәжірибе бар. Қазақстандықтардың Ресейге шопингке жаппай барғаны барлығымыздың есімізде. Тіпті азық-түлікті де сатып алған. Сол кезде Ұлттық банк бағамды ұстау үшін 2 жылда 28 млрд АҚШ долларын жұмсады. Бұл ақшаның басым бөлігі Ресейге кетті. Бүгінде бүкіл батыс әлемі Ресеймен сауда байланыстарын үзіп, нарықты жапты. Бұл Ресей сауда ағындарын басқа елдерге, бірінші кезекте, ЕАЭО елдеріне қайта бөледі дегенді білдіреді. Бұған қоса, Ресей өз бизнесі мен өнеркәсібін қолдаудың шұғыл шаралар топтамасын қабылдады. Кезекті импортты алмастыруға бағыт алынды. Жеңілдікті қаржыландыру ұлғаюда. Ресейлік бизнеске сөзбе-сөз айтқанда ақшаны молынан құйып жатыр. Бір жағынан, бұл арзан ресейлік тауарларды сатып ала алатын қазақстандықтар үшін жақсы. Бірақ, екінші жағынан, бізде Қазақстанда өз тауарларымыз бен өз өз кәсіпорындарымыз бар, онда біздің азаматтарымыз жұмыс істеп, жалақы алады. Олардың барлығы өсіп келе жатқан ресейлік импорттан зардап шегеді. Үкіметте Дағдарысқа қарсы шаралар бойынша жедел штаб құрылды. Оған ішкі нарықты қорғау мен бизнесті қолдаудың нақты шараларын пысықтау қажет деп есептеймін. Бізде бірыңғай сауда кеңістігі бар екені түсінікті, біз тарифтік және тарифтік емес шараларды енгізе алмаймыз. Бізге сауда соғысы керек емес. Өзге шаралар қажет. Қазақстандық кәсіпорындардың көбінде кредиттері бар. Егер олар нарық пен кірісінен айырылса, онда сөзсіз банкротқа ұшырайды. Өткен жылы біз бұны бастан кешірген болатынбыз. Банктер наразылықтарын қойып, кепілзаттарды алып қоя бастайды, жабдықтарды сата бастайды. Барлық жабдықтар қайтадан Ресейге кетеді. Содан кейін біз өндірісімізді қалпына келтіре алмаймыз. AMANAT партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестегі талқылауларды ескере отырып, мыналарды ұсынамын. Біріншіден, мемлекеттік органдар мен кредиторлардың (бірінші кезекте банктердің) бастамасы бойынша заңды тұлғалардың банкроттығына уақытша мораторий енгізуді ұсынамын. Екіншіден, аса маңызды тауарлар шығаратын кәсіпорындарға мынадай мөлшерлес топтамалық қолдау беруді ұсынамын: – даму институттары есебінен кредиттерді кейінге қалдыру және есептен шығару; – жабдықтар мен жұмыскерлер штаты сақталған жағдайда кейіннен есептен шығара отырып, 0%-бен жалақы кредиттерін беру; – әртүрлі мемлекеттік қорларға тауарларды сатып алуға арналған келісімшарттар беру; – жалға алу және коммуналдық төлемдерді субсидиялау. Үшіншіден, жаңа жағдайда, тек қана экономикалық қағидаттарды және мүдделер теңгерімін сақтауды басшылыққа ала отырып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында кедендік әкелу баждарын бөлу пропорцияларын зерделеген жөн. Қазір үшінші елдерден барлық әкелу баждары «ортақ пайдалануға» келіп түседі және содан кейін елдер бойынша бөлінеді. Қазақстан – 6,9%-ды, Ресей – 85%-ды, Беларусь – 4,8%-ды, Қырғызстан – 1,9%-ды, Армения 1,2%-ды алады. Санкциялар жағдайында Ресейдің ЕАЭО импортындағы үлесі қысқарады, тиісінше баждарды бөлудегі үлесі де азаюға тиіс. Жаңа үлестерді дұрыс есептеп, ЕАЭО бойынша әріптестерімізбен талқылау қажет. Жалпы, Қазақстан бүгінде Ресей алдындағы одақтастық міндеттемелері шеңберінде құламауға тырысып жүрген даршыға ұқсайды, бірақ, өздеріңіз білетіндей, жақсы саясат әрдайым дерлік нашар экономиканы және керісінше білдіреді. Әрі қазіргі кезде біздің негізгі міндетіміз – экономикамызды сақтап қалу және дамыту" – деді Аманжан Жамалов.