«Саты», «Рабат» заставасының шекарашылары 90-жылдардағы ескі монша мен есік-терезесі аңғал-саңғал балабақшада тұрып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында хабарлады.
– Мен Үкімет назарын еліміздегі шекара бөлімшелеріне аударғым келеді. Таяуда Алматы облысы Панфилов ауданындағы Шекара басқармасы, Нарынқол-Ұйғыр ауданындағы «Райымбек» шекара заставасы, Кеген ауданындағы «Саты», «Рабат» шекара бөлімшелерін бастан-аяқ аралап, сарбаздардың әлеуметтік жағдайларымен мұқият таныстым. Бұларға «Қастек», «Жамбыл», «Қарғалы», «Қаскелең», «Алмаарасан» шекара бөлімшелерін қосыңыз. Шекарашылардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Арнайы мақсаттағы нысандардың дені күйреп тұр, – деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан.
Депутат шекарашылар тұратын ғимараттар күрделі жөндеуді, көгілдір отынмен қамтуды, жарықтандыруды, бейнебақылау мен электр жүйесін жабдықтауды талап ететінін айтты.
– Маңызды нысандарды салу және күрделі жөндеу бойынша Алматы облысы әкімдігімен ортақ келісім бар. Шекара бөлімшелерінің инфрақұрылымын реттеу жөніндегі Жол картасына да енген, бірақ мәселе әлі шешімін таппай отыр. Ал соңғы бес жылда қауіпсіздік саласына бөлінген қаржыда есеп жоқ. Ащы да болса айтайын, «Саты», «Рабат» заставасының шекарашылары 90-жылдардағы ескі монша мен есік-терезесі аңғал-саңғал балабақшада тұрып жатыр. Панфилов ауданындағы шекара басқармасы 1892 жылы салынған ғимаратқа орналасқан. Шонжыдағы «Райымбек» заставасының әскерилері тұратын тұрғын үйлер мен спортзал, кітапхана, мәжіліс залының төбесінен су ағып, қабырғалары сетінеп тұр. Түрлі қару-жарақтар сақталған шекара заставаларының қоршауларын жаяу адам жапырып, атты адам опырып өтеді. Осыдан кейін шекаралық өңірлерге отбасымен барып қызмет етіп жүрген офицерлік құрам мен әскери борышын өтейтіндерге «шекарамызды қас қақпай күзетіңдер» деп қалай талап етеміз?, – деді депутат.