Шағын қалалар «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көріп отырған жоқ – депутат
Шағын қалалар «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көріп отырған жоқ – депутат
304
оқылды
Ауылдық аудандардың орталығы болып отырған моно және шағын қалаларға маман тарту мәселесінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының пайдасын көріп отырған жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген Қазақстан  Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында айтты. – Біздің елімізде 2009 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көздеген мақсаты – дипломды мамандарды ауылды жерде тұрақтандыру. Бұл жобаны жүзеге асыруға 2009 жылдан бастап 2020 жылға дейін 77 мыңнан астам маман 11,5 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 36 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алу үшін 105,3 млрд теңге сомасында  бюджеттік кредит алды. Өткен 2021 жылы 18,2 млрд теңге игерілген. Биыл тағы да 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алуы үшін  бюджеттік кредит беруге 20 млрд теңге жоспарланған, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы. Депутат бағдарламаның қабылданғанына 13 жыл өтсе аудандар мен ауылдарда қажетті маман тапшылығы мәселесі әлі де өзекті екенін айтты.
«Ең өзекті мәселе, сол ауылдық аудандардың орталығы болып отырған моно және шағын қалаларда бұл жобаның игілігін көре алмауда. Ауылға маман тарту мәселесін шешеміз деп, аудандағы қалалар шетте қалуда. Айталық, Жамбыл облысындағы Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы орталық ауруханасында 10-нан астам маман-дәрігер жетіспейді. Сондай-ақ мектептер мен балабақшаларға 20 мұғалім мен тәрбиешіге сұраныс бар. Жаңатас пен Шу қалаларында да дәл осындай жағдай қалыптасқан. Бұл проблема жылдан жылға шешілмей келе жатыр» – деп мәлімдеді депутат.
Еліміздегі 42 шағын қаланың 32-сі ауылдық аудандардың әкімшілік орталығы болып есептеледі екен. Сондай-ақ, маман жетіспеушілігі 27 моно қала арасында ауылдық аудан орталығы болып отырғандарына да тән. Осы орайда Мейрамбек Төлепберген мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды.
«Біріншіден, мемлекеттік қамқорлық тұрғысындағы қыруар қаржының тиімділігін арттыру үшін аудандардағы моно және шағын қалаларды да жобаға енгізу қажеттілігі уақыт талабы деп білеміз. Екіншіден, бұл жобаның тиімділігі бойынша ведомствоаралық жұмыстың жүйесін қайта қарап, жетілдіру қажет» – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Сөз соңында депутат, көтерілген мәселенің қараудың нәтижесі туралы жауапты тиісті заң талабына сәйкес белгіленген мерзімде беруін де өтінді.