Nur Otan партиясы праймериз өткізуді қолға алады
Nur Otan партиясы праймериз өткізуді қолға алады
©Nur Otan
Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында айтты. Партия төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, орталықта, сондай-ақ өңірлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізушілерге қойылатын талаптар бар. Олар  объективті, принципшіл және жауапты болуы тиіс. Сондықтан қазіргі кезде партия тарапынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестерге кадрларды таңдаудың тиімді жүйесі құрылуда. Сондай озық технологияның бірі ретінде Бауыржан Байбек партияішілік праймериз өткізуді атады. Бұл тәсіл тек партия жанындағы түрлі кеңестерге ғана емес, партия атынан алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғаларды да іріктеуге өз септігін тигізбек. – Барынша беделді, белсенді және жарқын тұлғаларды анықтау үшін, біз осы жылы партияның басқалармен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өзекті электоратын құрайтын кандидаттарды таңдау бойынша партияішілік праймериз өткізетін боламыз, – деді Бауыржан Байбек. Nur Otan партиясы тарапынан халықпен кері байланыс арналарын орнатуға ерекше назар аударылған. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық және аймақтық кеңестердің барлық басшылары өз аккаунттарын ашып, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта Кеңестердің партияның Қоғамдық қабылдау бөлмелерімен өзара қарым-қатынасы ұйымдастырылған, сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша жеке «жедел желі» ашылып, азаматтардың шағымдарына әрекет етудің нақты алгоритмі жасалған. Жедел желі арқылы барлық арыз-шағымдар кейіннен өзекті сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, оның ішінде мемлекеттік органдардың жұмысындағы тәуекелдерді талдау үшін тіркеледі.