Атырауда ұлты өзге келіндердің саны көбейген. Қазір аймақта басқа мемлекеттің азаматтарына тұрмысқа шығатын қыздарға қарағанда, өзге ұлттың қыздарына үйленетін жігіттер көбейіп келеді. Азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің мәліметінше, ерлер көбіне көршілес Өзбекстан, Ресей, Қырғызстанның сұлуларын жар етеді екен. Ал бұрымдылар мұхит асып кетуде. Astana арнасы таратқан мәліметке қарағанда, Динара Әбілғазиева соңғы он жылдан бері жас жұбайларды салтанатты түрде некеге тіркейді. Жүздеген жұптың бақытына куә болған ол, соңғы кездері ағылшын тіліне сұраныс артқанын айтады. Аралас некеге көзі үйренген.
“Жігіттеріміз Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінен қыз алып жатыр. Ал қазақ қыздары Еуропа мемлекеттеріне тұрмысқа шығып жатқан тойларды өткізіп жүрдім. Ол тойлар көбіне үлкен деңгейде болды. Ішінде қазақ салт-дәстүрлері де сақталып жатты. “Шашу шашу”, “қыз көрімдігін алу” деген сияқты. Басқа елдің қыздары біздің қазақ жігітінің фамилиясын алмайды”, – дейді неке тіркеуші Динара Әбілғазина.Мәселен, 27 жастағы атыраулық жігіттің жары – Өзбекстан азаматшасы. Қаладағы ірі сауда орнында жұмыс істеп жүріп, болашақ жарымен танысқан. Ата-анасы қарсы болмағанымен, біразға дейін үйренісе алмай жүрген.
“Қазақтың қызы жетпей ме, қазақтың қызы бар ғой деп айтатын. Бірақ жүректің әмірі солай болды енді. Бір жылға таяу танысып жүріп, содан кейін отау құрдық. Қазір бір баламыз бар”, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Мұрат.Ресми мәлімет атыраулық азаматтардың соңғы кезде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан азаматтары арасынан жиі жар таңдайтынын растап отыр. Қазақ қыздары болса, аталған мемлекеттерден бөлек, АҚШ, Түркия мен Қытайға ұзатылып жатыр. Соңғы үш жылда 142 бұрымды өзге мемлекет азаматымен отау құрса, 188 атыраулық өмірлік серігі ретінде шетел қыздарын таңдаған. Мамандардың айтуынша, аралас некені тіркеу міндетті түрде оффлайн жүреді. Құжаттары жан-жақты тексеріледі деп отыр.
“Қай елдің азаматшасы, ол кісіден сол елдің рұқсат қағазын алдырамыз. Ол кісі бұрын тұрмысқа шықпаған болса, ол жерде егер тұрмыста болып, ажырасқан болса, ажырасқаны жөнінде неке бұзу құжаттарын сұратамыз. Құжаттары Қазақстанға жарамды екені жөнінде міндетті түрде мөр соғылу керек”, – деді Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарлама және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Гүлшат Жұмағалиева.Биылғы статистиканы қарасақ, өткен айдың ішінде 13 ару шетел асса, 16 жігіт өзге елден келін әкелген. Мамандардың пайымынша, аралас некенің көбеюіне шеттен келетін жұмысшылардың көптігі де әсер етіп отыр.