Еуропарламент делегациясы студенттермен кездесті
Еуропарламент делегациясы студенттермен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Еуропалық Парламент делегациясы арнайы сапармен келді. Мәртебелі меймандар ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы және студенттерімен кездесті. Алматыға ат басын тіреген делегация құрамында «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропалық Парламент делегациясының төрағасы, Көлік және туризм комитетінің 3-ші вице-төрағасы Андрис Америкс (Латвия), елші, ҚР ЕО өкілдігінің басшысы Кестутис Янкаускас, ҚР-ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропалық Парламент делегациясының мүшесі, ЕП Сыртқы істер комитетінің мүшесі Франциско Миллан-Мон (Испания) және басқа да ұйым мүшелері бар.    width= Еуропарламент өкілдері алдымен «Әл-Фараби» музейін аралап, қара шаңырақ тарихына қанықты. Сонымен қатар қонақтарға ҚазҰУ жанындағы Пан Ги Мун институтының қызметі баяндалып, оқу орнының даму жоспары таныстырылды. ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Қазақстан 2010 жылдан бастап Болон процесінің толыққанды мүшесі және Жоғары білімнің еуропалық кеңістігінің қатысушысы мәртебесіне ие екенін, қазіргі уақытта өзі сол Болон процесінің бақылау тобының тең төрағасы екендігін айтып кетті.  width= «ҚазҰУ әлемнің 500-ден астам үздік және жетекші университеттерімен ынтымақтастықта, көптеген ірі халықаралық ұйымдардың құрамына кіреді және білім беру бағдарламалары мен ғылыми бағыттарының ауқымы аса кең. 16 қосдипломды білім беру бағдарламасы Еуроодаққа мүше 10 елдің жоғары оқу орындарымен бірлесіп іске асырылуда. ҚазҰУ-дың сегіз факультеті Еуроодақ елдерінің 13 серіктес жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Университетте 92 білім беру бағдарламасы ағылшын тілінде оқытылады»,- деді ректор Ж. Түймебаев. Өз кезегінде ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропалық Парламент делегациясының бірінші вице-төрағасы, ЕП Көлік және туризм комитетінің 3-ші вице-төрағасы Андрис Америкс: «Біз әртүрлі елдерден келдік, бірақ бәріміз еуропалықпыз. Біз бірліктен әртүрлілікке дейінгі бірегей процестерді бірге өткізудеміз, ортақ бірегейлікке иеміз. Біз еуропалық ұлттардың терең тарихымен бөлісіп, Еуроодақ қағидаларын Қазақстанға жеткізу үшін келдік. Күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, негізгі қиындықтарды еңсере алған елге барлық жақсылықты тілегіміз келді. Сіздердің елдеріңіз азаматтық қоғамда маңызды рөл атқаратын мәдениетаралық диалог пен адам құқықтарын қолдауға септігін тигізеді деп үміттенеміз», – деп пікір білдірді. ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропарламент делегациясының мүшесі Франциско Миллан-Мон жиналғандарға, әсіресе жастарға Еуропарламент қызметіне қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев бастаған реформалардың дер кезінде қабылданғанына тоқтала келе, ҚазҰУ жетістіктерін жоғары бағалады. «Университет шығыстың ұлы ұстазы әл-Фараби мұрасын сақтай білді, сонымен бірге болашаққа сеніммен қарайды, цифрландыру жұмыстарын жүргізуде. Орталық Азияда ғана емес, сонымен қатар Еуроодақ елдеріне де танымал университетке толағай табыстар тілеймін», – деген лебізін жеткізді. Сондай-ақ жүздесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан қатысып, Еуроодақ жұмысына көрсеткен қызығушылық үшін алғысын жеткізді. Кездесу барысында студент жастар қонақтарға өздерін қызықтырған түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Қатысушылар өзара ықпалдастықтың перспективалық бағыттары туралы ой бөлісіп, ынтымақтастықтың маңызды мәселелері бойынша пікір алмасты. Шара соңында құрметті қонақтар студенттермен естелік суретке түсті.

Алматы