«Қазақтың қаһарман қызы» – Роза Бағланованың мерейтойына арналған концерт
«Қазақтың қаһарман қызы» – Роза Бағланованың мерейтойына арналған концерт
490
оқылды
Алматыда Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың қаһарман қызы» атты мерекелік концерт өтті. Роза Тәжібайқызы 1960 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін жемісті еңбек еткен Алматыдағы Қазақконцертте, қазіргі Құрманғазы оркестрінің концерт залында әншіміздің әндері қайта жаңғырды. Көктемнің әдемі кешінде Мәдениет министрлігіне қарасты «Қазақ әуендері» АҚ ұйымдастырған ғажайып ән кеші көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бүгінгі концерт күміс көмей әншінің әсем әндерін сағынған көрерменнің көптігімен есте қалды. Залда ине шаншар орын қалмады. Концерт басталғаннан көрермендер орындарынан тұрып, Роза Тәжібайқызын қошеметпен еске алды. Концерт барысында әншінің орындауындағы әндерді көрермен қауым өнер жұлдыздарымен бірге қосылып шырқады. Айлар, жылдар өткен сайын ерекше дарын иесі Роза Тәжібайқызына деген халықтың ықыласы мен сағынышы арта түспесе, бір кеміген емес. Оған осы ән кешінде куә болдық. Концертте Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Алтынбек Қоразбаев, Гүлнәр Сиқымбаева сынды өнер майталмандарымен қатар Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ысқақова, Игорь Благодарный, Айгүл Иманбаева, Асхат Үрпеков, Шаба, Бауыржан Исаев, Зарина Жакенова сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары ән шырқады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі өнер көрсетті. Даңқты әншінің мерейтойы осы жылдың 1 наурызында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылған болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл іс-шара бұқаралық сипатқа ие болып, жыл көлемінде еліміздің барлық өңірінде өткізіледі.