«Кибербуллингтен қорғау туралы» заң жобасы Мәжіліске қайтты
«Кибербуллингтен қорғау туралы» заң жобасы Мәжіліске қайтты
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпарат­тан­дыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Заң жобасы жөнінде пікір білдірген Сенат Төрағасы балалардың мүддесін қорғау Президентіміз белгілеп берген мемлекеттік сая­саттың басымдықтарының бірі екенін айтты. Сондықтан бұл салада қолданылып жүрген тәсілдер мен құқықтық тетіктер үнемі жаңартып отыруды қажет етеді және туын­даған сын-қатерлер мен проблемаларға қарсы дер кезін­де әрекет етудің де маңызы зор. Соған байланысты заң жоба­сында балалардың құқығын қор­ғауға баса мән берілді. Атап айт­қанда, бұл құжат жетім балалар мен ата-анасының қамқор­лы­ғын­сыз қалған балаларды тұрғын үй алу үшін есепке қою мерзімін қыс­қартуды көздейді. Сондай-ақ балаларды оңалту орталықтарын құру бойынша жергілікті атқару­шы органдардың құзыреті ке­ңе­йе­ді және балаларды жәбірлеуден, оның ішінде кибербуллингтен қорғауға қатысты заңнамалық шаралар енгізіледі. Бұл заң жобасы қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Азаматтық қоғам белсенділері балаларды қорғау туралы нормаларды іске асыруға қатысты түрлі ұсынысы мен пікірін білдірді. Палата Төра­ғасы сенаторлар келіп түскен өті­ніштерді ескеріп, заң жоба­сын­дағы нормаларды мұқият зер­делегенін, соның нәтижесінде бірқатар ережені қайта қарауды ұсынып отырғанын жеткізді. Осыған орай Мәулен Әшім­баев сенаторлар енгізген бірқатар нақты түзетуге тоқталды. Аталған өзгерістерге сәйкес, балаға қатыс­ты кибербуллинг фактілері бо­йын­ша өтініштерді сол үшін ар­найы құрылған сараптама тобы қарайды. Сенат Төрағасының айтуынша, бұған дейінгі жобада бұл мәселелерді шешу уәкілетті органның жеке-дара құзыретіне жатқызылған. «Сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бо­йынша интернет ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенд­жерлердің қолжетімділігін шек­теуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттіктерді алып тастады. Соған сәйкес, он­лайн платформалардың өкіл­дерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп бала­ларға қатысты кибербуллинг фак­тілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұра­нысы арасындағы теңгерімді ор­таны табуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Біздіңше, мұндай қадам «Жаңа Қазақстан» тұжырым­да­масына және Мемлекет басшы­сының бастамасымен елімізде жүр­гізіліп жатқан саяси реформа­лардың мазмұнына сай келеді», – деді Мәулен Әшімбаев. Палата отырысының қоры­тын­дысы бойынша заң жобасын аталған және басқа да түзетулер­мен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар отырыс бары­сында сенаторлар көктемгі су тасқыны бойынша елдегі жағдай жөнінде орталық мемлекеттік органдар мен өңір басшыларының мәліметтерін тыңдады. Естеріңізге сала кетейік, өт­кен аптадағы палата отырысында сенатор Сергей Ершов осы мәсе­лені көтеріп, Үкіметтен төтенше жағдайларға, оның ішінде су тас­қынына қарсы тұруға арналған заңнамалық және жүйелі шаралар туралы айтып беруді сұраған еді. Соған байланысты депутат­тардың сауалы бойынша бүгінгі жиында Төтенше жағдайлар ми­нистрі Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев және Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облысы әкімдерінің орынбасарлары сөз сөйледі. Сенаторлар да сөз алып, инфрақұрылымдық мәселелерге, су ресурстарын басқаруға және тағы басқа жайттарға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Мәулен Әшімбаев Үкімет төтенше жағдай салдарын жоюға ғана назар аудармай, тасқынның алдын алуға да бағытталған нақты қадам жасауға тиіс екенін айтты. Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Серікбай Трұмов Маңғыстау облысының тұрғындарын ауыз­сумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бұл ретте ол Жаңаөзен қа­ласының халқын таза ауызсу­мен қамтамасыз ету үшін теңіз суын тұщыту зауытын салу жұ­мыстарын тездетудің маңызды екенін айтты. Ерік Сұлтанов Солтүстік Қа­зақстан облысындағы автомобиль жолдарын жақсарту бойынша жедел шаралар қабылдау керегіне назар аударды. Оның айтуынша, мұндай қадам өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайына мульти­пли­кативті әсер етеді. Ал Әлімжан Құртаев су ша­руа­шылығы бойынша бөлек мем­ле­кеттік орган құруды ұсынды. Бұл мемлекеттің су шаруашылығы саясатын жетілдіру және осы саланы басқарудың қалыптасқан құрылымын қайта қарау тұрғы­сынан маңызды қадам болмақ.