Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров, Еділ Жаңбыршин мен Зарина Камаcова Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Олар өңірдегі су тасқыны қаупі бар аймақтарды аралап, бірнеше аудандағы су қоймасының жағдайымен танысты. «Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде болып, жеке құрам мен техниканың су тасқыны кезеңіне дайындығымен таныстым. Жағдай күрделеніп кетсе, жеке құрамнан 1 524 адам, 838 техника, 179 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары дайын тұр. Қажет болған жағдайда тұрғындарды уақытша орналастыру үшін 111 пункт дайындалды. Оған 11,9 мың адам сыяды. Департамент базасындағы дағдарыс орталығының жұмысын да көрдім. Бұл орталықта тәулік бойы өңірдегі жағдайға мониторинг жасау штабы, күштер мен құралдарды басқару орталығы жұмыс істейді. Алтай ауданындағы Бұқтырма өзенінің бойында орналасқан елді мекендерге де бардым. Мұнда су тасқыны қаупі жоғары 12 учаске бар. Құтқарушыларға көмекке келген Төтенше жағдай министрлігінің 68 303 әскери бөлімінің қызметшілерімен де кездестім. Қазір олар өзен деңгейіне мониторинг жүргізіп, арықтарды тазалап жатыр», – дейді Зарина Камасова. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері облыс орталығы Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданының Белоусовка ауылындағы су қоймасы мен Прогресс, Предгорное ауылдарында салынған көпірлерді де көрді. «Біздің бұл жұмыс сапарымыздың мақсаты – су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралап, аймақтағы ірі су қоймаларының қазіргі жағдайын көзбен көру. Өңірде су тасқынының алдын алу жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік. Глубокое ауданы Белоусовка ауылындағы су қоймасы 1946 жылы пайдалануға берілген. Мұнда жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады екен. Ал Прогресс, Предгорное ауылдарында көпірлер жаңадан салыныпты. Жақында Парламентте Қазақстанның су ресурстары бойынша тыңдауы өтеді. Осыған орай Шығыс Қазақстанның бірнеше ауданын аралап, су қоймаларының жағдайымен жіті таныссақ дейміз. Су мәселесі – бүгінде еліміз үшін өте өзекті. Болашақта суды пайдалану, сумен қамтамасыз етуге қатысты проблемалар туындауы мүмкін. Су проблемасы болмас үшін не істеу керек, қандай қадамдар жасалуы қажет? Алдағы уақытта Үкіметпен бірлесіп, нақты шешімдер қабылдайтын боламыз», – дейді Ерлан Саиров. Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Ерлан Саиров Күршім ауданындағы Жауғашты, Тарбағатай ауданындағы Қандысу, Қарғыба, Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймаларында болды. «Қандысу су қоймасы 43 миллион текше метр су жинауға арналған. Алайда су ағысын реттейтін басқару мұнарасының ақауларына байланысты 15 миллион текше метр су ғана суармалы жерлерге жіберіліп тұр. Елге су жетпей жатыр. Реконструкция жұмыстарын жасау үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу қажет. Оған республикалық бюджеттен 58 миллион теңге керек. Зайсан ауданындағы 1966 жылы салынған Үйдене су қоймасының басында жергілікті халықпен кездестік. Олардың мұң-мұқтажын тыңдадық. Су қоймасына күрделі жөндеу қажет, әйтпесе суды ұстап тұру мүмкін емес. «ҚазСуШар» мекемесінің басшылары жөндеу жұмыстарын биыл бастаймыз деп отыр. Одан бөлек, ауылшаруашылық жерлерді суландыруға қажетті 290 шақырым су арнасын жөндеу – үлкен мәселе. Агробизнес өкілдеріне су жетіспей жатыр. Аудан әкімі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжатын жасауға көмектесетінін айтты. Әрі қарай республикалық бюджеттен қаржы бөлу керек болар. Бұл шаруа іске асып жатса, Зайсанда агробизнесті дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашылады», – дейді Еділ Жаңбыршин. Депутаттардың айтуынша, Күршімдегі Жауғашты су арнасы мен Тарбағатайдағы Қарғыба су торабында түйткілді мәселелер бар. Суармалы жерлерді суландыруға арналған Қарғыба су торабына күрделі жөндеу жұмыстары басталғанымен, аяқталмай қалған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтау үшін 420 миллион теңгедей қаражат керек. Ал Күршімдегі Жауғашты су арнасына Күршім өзенінен судың аз келу қаупі бар. Бұл бес елді мекеннің ауыл шаруашылығына, тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етуі мүмкін. «Сол жерде мәселені шешу жолдары талқыланып, бөгетті жөндеу жұмыстары тамыз айларында өзен деңгейі түскен кезде жүргізілетін болды. Жалпы, парламенттік тыңдауларға дайындық кезінде тек материалдарды зерделеумен қатар, нысандардың жұмыстарымен танысу мәселелерді жан-жақты анықтауға мүмкіндік береді», – дейді Еділ Жаңбыршин. «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің шалғай ауылдарға арнайы келіп, түйткілді мәселелерді өз көздерімен көріп жатқанын жергілікті тұрғындар жақсылыққа балап, үлкен үміт күтіп отыр. «Бала кезімізде бұл Қандысу су қоймасы жақсы жұмыс істеп, Тарбағатайдың даласында егіні мен астық алқабы жайқалып тұрушы еді. Қазір бұл су қоймасы апаттық жағдайда деп танылып, 30 пайыз шамасында ғана су жинауға қауқары бар көрінеді. Жері суармалы Тарбағатайдағы шаруалардың шаруасы шатқаяқтап қалғалы қай заман?! Шаруаларды былай қойып, ауыл тұрғындары да бұрынғыдай бірігіп жер жыртып, жоңышқа мен картоп екпейтін болды. Өйткені жазда су жетпейді. Парламент Мәжілісі депутаттарының бұл сапарынан үлкен үміт күтеміз. Үкіметке ақша бөлдіріп, су қоймасы бұрынғы қалпына келеді деп сенеміз», – дейді қоғам белсендісі Ермек Құрманғали.
Шығыс Қазақстан облысы