ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев не себепті кепілмен босатылғанын түсіндірді. Оның айтуынша, вайнерлердің жағдайы мен қаржы пирамидасын құру және басқаруға қатысты 169-дан астам зардап шеккені анықталған. Келген шығын – екі миллиард теңгеге жуық. Қылмыстық жауапкершілікке 14 адам тартылды. Алты адам қамауға алынды. – Барлық мән-жай ескеріледі: тұрақты тұрғылықты жерінің болуы, кәмелетке толмаған балалары, қылмыс жасаудағы рөлі. Осы мән-жайдың барлығын ескере отырып, сот Мейіржан Төребаевқа кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Жалпы, қылмыстық процесте бұлтартпау шарасы әр жағдайда жеке таңдай алады. Егер адам қамауға алынбаса, бұл оның қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын білдірмейді. Қазір іс аяқталды. Таныстыру кезеңінен өтіп жатыр. Бұл қылмысқа қатысы бардың барлығының әрекеттері сарапқа салынған. Оларға айып тағылды. Іс прокурорға, одан кейін сотқа жіберіледі, – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев. 2022 жылдың ақпан айында вайнер Мейіржан Төребаев, актер Мейірхан Шерниязов және Азизжан Саидбаев қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікке ілінген болатын.