Алматыда көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірін ұрлап, кейін оларды көлік иелеріне қайта сатпақшы болған күдікті ұсталды. Ол еш жерде жұмыс істемейтін Қарағанды облысының тұрғыны болып шықты. Әуезов аудандық Полиция басқармасының бөлім бастығы Елнұр Құдіретбаев күдіктінің Алматыға бір апта бұрын келгенін және қылмыстық жолмен күн көруге ниеттенгенін мәлімдеді. «Ол тұрғын үйлер ауласындағы бөтен көліктердің мемлекеттік тіркеу белгілерін шешіп алып, көліктің алдыңғы әйнегіне 10 мың теңгеге «сатып алу» туралы ұсыныспен хат қалдырған. Біздің ауданда ғана күдіктінің осындай жеті ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Ол осы эпизодтардағы кінәсін мойындайды. Сонымен қатар ер адамның шаһардың басқа жерлерінде тіркелген қылмыстарға қатысы бар болуы мүмкін екені жоққа шығарылмайды», – дейді Е.Құдіретбаев.