Түркістан облысының Сырдария өзені мен Шардара су қоймасының жағалауы, су айдындары 5 тоннаға жуық түрлі қоқыстан тазартылды. Тазалау акциясы ҚР Балық шаруашылығы комитетінің «Таза су айдындары» табиғатты қорғау науқаны кезінде бір күн ішінде атқарылды. Айта кетейік, Шардара су қоймасы 72 мың гектар аумақты алып жатыр. Аталған аумақты қоқыстардан тазалау үшін 200-ге жуық табиғат жанашыры мен 15 техника, 9 су көлігі жұмылдырылған. Сондай-ақ суда қалған 30 мың метр көне ау құралдары да алынған. Бұдан бөлек 200-ге жуық балық құтқарылып, табиғи ортаға жіберілді. «Табиғатты таза күйінде ұстау шаралары еліміз үшін де, келешек ұрпақ үшін де маңызды. Өйткені су айдындары тасталған (иесіз) балық аулау құралдарынан және жағалау аумақтары қоқыстардан тазартылады. Әлбетте, мұның қоршаған ортаға тигізер пайдасы көп. Сондықтан балық шаруашылығы су айдындарында балық ресурстары мен басқа да су жануарларының тіршілік ортасының тазалығын сақтауға баршаңызды шақырамыз», – дейді Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев. Еске салсақ, аталған табиғатты қорғау науқаны республика деңгейінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биыл 18 наурыз бен 31 мамыр аралығындағы сенбілік үздіксіз өткізілетін болады. Айта кету қажет, өткен жылы Түркістан облысының су айдындары 60 мың тоннаға жуық қоқыстардан тазартылған. Ол үшін 200-ге жуық арнайы техника мен мыңнан астам табиғат жанашыры жұмылдырылған болатын.