Елордада «Ұлттық ғашықтар күні» қарсаңында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері студенттермен «Жаңа Қазақстан: отбасылық және адамгершілік құндылықтарды нығайту» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуге Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова, қалалық мәслихат депутаты Назгүл Мақжан, «Қазақ қызы» ҚБ төрағасы Қарақат Әбден және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Назарбаев университетінің 1-2-курс студенттері, балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. «Бақытты отбасылық өмір бірден бола салмайды, үлкен еңбекті талап етеді. Отбасын құру көп уақытты, күш пен энергияны қажет етеді. Бұл – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі», – деді қалалық мәслихат депутаты Назгүл Мақжан. Сонымен қатар «Әйелдер көшбасшылығы» жұмыс тобының мүшесі продюсер Айгүл Мүкей, қалалық Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Саркенова бақытты отбасылық өмірдің құпияларымен бөлісті. Комиссия мүшелері студенттермен еркін форматта әңгіме өрбітіп, студенттерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Кездесу соңында «Отбасы мекені» жобасының белсенді қатысушыларына Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкеновтің атынан алғысхат табыс етілді.
Н.ҚҰРАЛБАЕВА