Бүгін елордада көктемгі санитарлық-экологиялық айлық басталды. Birge – taza Qazaqstan республикалық акциясы 16 мамырға дейін жалғасады. Бір ай бойы белсенділер бас қаланың әрбір көшесін тазалап шығуға ниетті. Сонымен қатар жалпықалалық және коммуналдық сенбіліктер, ағаш отырғызу іс-шаралары жоспарланған. Экологиялық айлық аясында қалада нөсер және арық-науалық кәріз желілерін, көшелерді, тротуарлар мен өзге де аумақтарды қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Саябақтар мен гүлзарларда егілген көшеттерді күту жөніндегі маусымдық агротехникалық жұмыстар, көгалдар мен гүлзарлар орнату, рұқсат етілмеген тұстарға тасталған қоқыстарды, ластанған учаскелерді тазарту көзделген. Жалпықалалық сенбілікке қаладағы барлық кәсіпорын, МИБ (ПИК), шағын және орта бизнес субъектілері, волонтерлер мен белсенді қала тұрғындары қатысуы тиіс. Ал 23 сәуірде жалпықалалық сенбілік және жаппай ағаш отырғызу іс-шарасы өтеді. Қала аумағын қыс мезгілінен кейін тазарту, рекреациялық аймақтарды, саябақтарды, гүлзарларды, аулаларды, сондай-ақ сауда нысандарына, қоғамдық тамақтану орындарына және басқа да ұйымдарға іргелес аумақтарды жинау жоспарланған. Алматы ауданының тұрғындары Қошқарбаев, Момышұлы даңғылдарында, Футбол федерациясы аумағында, Б.Момышұлы гүлзарында, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен өзге де белгіленген аумақтарда ағаш отырғызуына болады. Ал Байқоңыр ауданында ағаш отырғызу іс-шарасы Жұбанов, 9, Асан Қайғы, 8, Тәшенов, 17/1, Республика, 26 және өзге де мекенжайларда жоспарланған. Есіл ауданында ағаш отырғызу іс-шарасы Ботаникалық бақта, желілік саябақта және Қ.Мұхамедханов көшесінде (Ш.Айтматов көшесінен Тұран даңғылына дейін) өтеді. Ал Сарыарқа ауданында көшелер ғана емес, елді мекендер де көгалдандырылады. Мысалы, Көктал-2 елді мекенінің Ақмола және Ұлытау көшелері бойында отырғызылады. Birge – taza Qazaqstan республикалық акциясы аясында елордада апта сайынғы сенбіліктерге 80 мыңнан астам адам, 10 мың кәсіпорын мен ұйым қатысады деп күтіліп отыр. Экологиялық акция аясында жалпы ауданы 5,5 млн шаршы метрден астам саябақтар мен гүлзарлар тазартылып, 12 мыңнан астам көшет отырғызылатын болады. Былтыр Нұр-Сұлтанда миллионнан астам жасыл желек отырғызылды.