Бестөбенің басынан бұлт кетпеді
Бестөбенің басынан бұлт кетпеді
325
оқылды
Степногор қаласының іргесіндегі алтынды аймақ – Бестөбенің басынан дау арылмай қойды. Бірнеше жылға созылған толғағы жеткен мәселенің жай-жапсарынан көзіқарақты оқырманымыз хабардар. Экологиялық жағдайы ушығып, ауасы тұтастай улы түтін мен шаңнан көз ашпаған халықтың қазіргі жағдайы аса мүшкіл. Соңғы жағдайлар бестөбе­ліктердің хал-ахуалын тіпті күрделендіріп жіберген. Кен орнындағы карьердің жабылуын талап еткен халық ашық түрде наразылығын білдіріп жатыр. Бестөбе кентінде бүгінде 6,5 мыңнан астам халық тұрады. Тұр­ғындардың негізгі бөлігі алтын шы­ғаратын «Алтын алмас» акцио­нерлік қоғамы компаниясының қарамағында жұмыс істейді. Де­генмен соңғы жылдардағы аталған елді мекендегі жағдай мыңдаған адамды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған...

Шахта суға толып, 1 500 жұмысшы нәпақасынан айырылды

Ауасы ластанып, экологиялық күрделі жағдайға душар болған тұр­ғындар басына түскен қиын­дыққа биліктің еш назар аудармай­тынын айтады. Даулы мәселе қазір тіпті шегіне жетіп, жарылудың аз-ақ алдында қалғанға ұқсайды. Өйт­кені тұрғындардың айтуынша, осыдан 10 ай бұрын жабылған кен шахта­сының жартысынан көбі суға тол­­ған. Бұл шахтада жұмыс іс­тейтін 1 500 шамасындағы қара­пайым жұ­мысшыларды нәпақа­сынан айы­рыпты. Мұнымен қоса, ел арасында бестөбеліктерді күш­теп көшіреді екен деген жел сөз пайда болған. «Алтын өндіріп жатқан «Алтын алмас» және оның құрамындағы еншілес компаниялардың барлығы тек өз қалтасының қамын ойлап кетті. Ал біздің мұң-зарымызды тыңдап, мәселені реттеуге тиісті жергілікті қалалық және облыстық әкімдіктер бейтарап позиция ұс­танған. Экологиялық мәселе­лерді көтерген бізді Қылмыстық ко­декс­тің 174-бабымен тергеп жатыр. Қазір шахталарға су толып кеткен. Шахтаның тереңдігі шамамен 1 000 метр десек, соның 700 метрі суға толған. Өйткені компания шахтадағы суды сорғызбайды. Ал көп уақыт суда қалған алтын кені шахтасының қандай жағдайда екенін елестете беріңіз. Алтын өндіруші компаниялар ашық түрде ешқандай шығынға батпастан аса мол байлыққа кенеліп жатыр. Ал оның мұндағы күн санап бұзылып жатқан экологиялық және басқа да аса күрделі мәселелер ешкімнің назарына ілігер емес», – дейді бес­төбелік қоғам белсендісі Николай Катчиев.

Жалақыны төлеу тоқтатылатынын айтты

Тұрғындардың айтуынша, компания қазір өздері жасаған заңбұзушылықтар әшкере болмас үшін жұмысшыларға тұрақты түр­де орташа жалақыларын төлеп тұр. Алайда компания басшылығы мұ­ның да ұзаққа бармайтынын ес­кертті дейді олар. «Ештеңе ойламай, күнімізді көріп отырған халықпыз ғой. Бір-ақ күнде рудниктің быт-шытын шы­­ғарды. Карьер мүлде керек емес. Елдің қаншама несиесі бар. Азық-түлік қымбат. Жұмыс болса жоқ. Әзірге жұмысшылардың жалақысы уақытында төленіп тұр. Дегенмен бізге келген компания басшысы шілде айында жалақыны төлеудің тоқтатылатынын айтты. Енді елді көшіреміз деп тағы қорқытып отыр», – дейді Бестөбе кентінің тұр­ғыны Сәния Жұмабекова. Бестөбе экология Жағдайдың күрделенгені сон­шалық, Ақмола облысы әкім­д­і­гінде Бестөбе кентіндегі бұл мәселе кезекті жиынның күн тәртібінде жеке қаралды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев төрағалық еткен оты­рысқа облыс әкімінің орынба­сар­лары, жауапты облыстық бас­қарма басшылары, Степногор қа­ласының әкімі, құқық қорғау ор­гандары, сондай-ақ алтын өнді­руші «Алтын алмас» компаниясы басшылығының өкілдері де қатыс­қан. Степногор қаласы әкімінің айтуынша, тұрғындармен өткізіл­ген кездесу барысында да мәсе­ленің аса күрделі екені байқалған. Бестөбе кентінде тұрғындармен бірнеше рет кездесу өткізілді. Соң­ғысы 31 наурыз күні ашық есік кү­ніне орай өткізіліп, оған күш құ­рылымдары, мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Сәуірде сорғы қон­дырғысына демонтаж жүргі­зі­ліп, соған байланысты халықтың на­разылығы күшейе түсті. Күні ке­ше тұрғындар арасында сауал­на­ма өтіп, онда бестөбеліктер пі­кі­рімен бөліскен. Тұрғындарды шах­­таны іске қосу, жала­қының төлену мер­зімі толған­дырады. Ал «Алтын алмас» компаниясы өкілі де Бестөбедегі жағдайдың аса ушығып бара жатқанын алға тарт­ты. Облыс әкімі Ермек Маржық­паев Бестөбе кентін әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытуға барынша назар аударылып, қомақ­ты қаражат бөлінгенін атап өтті.

Бестөбеге 2 жылда 2 млрд теңге қаржы бөлінді

«Бірінші кезекте бізге 6,5 мың адам тұрып жатқан Бестөбе кен­тінің тіршілік етуі мәселесі болып тұр. Кенттің дамуына бюджет қор­жынынан қомақты қаржы бөлініп жатыр. Былтырғы жылы 500 мил­лион теңге бөлінсе, биыл 1,5 мил­лиард теңгеден астам қаржы бө­лін­гелі отыр. Аталған сомаға мектеп құрылысы, жолдарды жөндеу, спорт­тық балалар алаңын салу жоспарланған. Дегенмен Бестөбе кентінің тағдыры мен халқының әл-ауқаты «Алтын алмас» өндіріс орындары нысандарына тікелей тәуелді. Сондықтан бізді де, кент тұрғындарын да кенттегі рудниктің алдағы жұмысы қатты толған­ды­рады», – дейді Ермек Маржықпаев. Әлеуметтік шиеленісті жағ­дайдан әбден ығыр болған халық жақында тағы бір рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялады. Онда тұр­ғындар Президенттен айтқан өті­ніштері мен арыз-шағымына құ­лақ аспаған мемлекеттік орган­дар­дың қызметіне, сондай-ақ алтын өндіруші «Алтын алмас» және бас­қа да компанияларға кешенді тек­серіс жүргізіп, одан Бестөбе кен­тінде кенді өндіруден лицен­зия­сынан айырып, адал жолмен жерастынан өндіруді қолға алатын компанияға тапсыруды сұраған. 
P.S. Сонымен, бестөбеліктерді толғандырған мәселенің қашан тү­бегейлі шешімін табары әзірге бел­гісіз. Бұл орайда толғағы жеткен мә­селеге Бас прокуратура, Парла­мент, сонымен бірге Президенттің өзі назар аударса деген елдің тілегі бар...

Ақмола облысы