Степногор қаласының іргесіндегі алтынды аймақ – Бестөбенің басынан дау арылмай қойды. Бірнеше жылға созылған толғағы жеткен мәселенің жай-жапсарынан көзіқарақты оқырманымыз хабардар. Экологиялық жағдайы ушығып, ауасы тұтастай улы түтін мен шаңнан көз ашпаған халықтың қазіргі жағдайы аса мүшкіл. Соңғы жағдайлар бестөбеліктердің хал-ахуалын тіпті күрделендіріп жіберген. Кен орнындағы карьердің жабылуын талап еткен халық ашық түрде наразылығын білдіріп жатыр. Бестөбе кентінде бүгінде 6,5 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындардың негізгі бөлігі алтын шығаратын «Алтын алмас» акционерлік қоғамы компаниясының қарамағында жұмыс істейді. Дегенмен соңғы жылдардағы аталған елді мекендегі жағдай мыңдаған адамды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған...
Шахта суға толып, 1 500 жұмысшы нәпақасынан айырылды
Ауасы ластанып, экологиялық күрделі жағдайға душар болған тұрғындар басына түскен қиындыққа биліктің еш назар аудармайтынын айтады. Даулы мәселе қазір тіпті шегіне жетіп, жарылудың аз-ақ алдында қалғанға ұқсайды. Өйткені тұрғындардың айтуынша, осыдан 10 ай бұрын жабылған кен шахтасының жартысынан көбі суға толған. Бұл шахтада жұмыс істейтін 1 500 шамасындағы қарапайым жұмысшыларды нәпақасынан айырыпты. Мұнымен қоса, ел арасында бестөбеліктерді күштеп көшіреді екен деген жел сөз пайда болған. «Алтын өндіріп жатқан «Алтын алмас» және оның құрамындағы еншілес компаниялардың барлығы тек өз қалтасының қамын ойлап кетті. Ал біздің мұң-зарымызды тыңдап, мәселені реттеуге тиісті жергілікті қалалық және облыстық әкімдіктер бейтарап позиция ұстанған. Экологиялық мәселелерді көтерген бізді Қылмыстық кодекстің 174-бабымен тергеп жатыр. Қазір шахталарға су толып кеткен. Шахтаның тереңдігі шамамен 1 000 метр десек, соның 700 метрі суға толған. Өйткені компания шахтадағы суды сорғызбайды. Ал көп уақыт суда қалған алтын кені шахтасының қандай жағдайда екенін елестете беріңіз. Алтын өндіруші компаниялар ашық түрде ешқандай шығынға батпастан аса мол байлыққа кенеліп жатыр. Ал оның мұндағы күн санап бұзылып жатқан экологиялық және басқа да аса күрделі мәселелер ешкімнің назарына ілігер емес», – дейді бестөбелік қоғам белсендісі Николай Катчиев.Жалақыны төлеу тоқтатылатынын айтты
Тұрғындардың айтуынша, компания қазір өздері жасаған заңбұзушылықтар әшкере болмас үшін жұмысшыларға тұрақты түрде орташа жалақыларын төлеп тұр. Алайда компания басшылығы мұның да ұзаққа бармайтынын ескертті дейді олар. «Ештеңе ойламай, күнімізді көріп отырған халықпыз ғой. Бір-ақ күнде рудниктің быт-шытын шығарды. Карьер мүлде керек емес. Елдің қаншама несиесі бар. Азық-түлік қымбат. Жұмыс болса жоқ. Әзірге жұмысшылардың жалақысы уақытында төленіп тұр. Дегенмен бізге келген компания басшысы шілде айында жалақыны төлеудің тоқтатылатынын айтты. Енді елді көшіреміз деп тағы қорқытып отыр», – дейді Бестөбе кентінің тұрғыны Сәния Жұмабекова.Бестөбеге 2 жылда 2 млрд теңге қаржы бөлінді
«Бірінші кезекте бізге 6,5 мың адам тұрып жатқан Бестөбе кентінің тіршілік етуі мәселесі болып тұр. Кенттің дамуына бюджет қоржынынан қомақты қаржы бөлініп жатыр. Былтырғы жылы 500 миллион теңге бөлінсе, биыл 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгелі отыр. Аталған сомаға мектеп құрылысы, жолдарды жөндеу, спорттық балалар алаңын салу жоспарланған. Дегенмен Бестөбе кентінің тағдыры мен халқының әл-ауқаты «Алтын алмас» өндіріс орындары нысандарына тікелей тәуелді. Сондықтан бізді де, кент тұрғындарын да кенттегі рудниктің алдағы жұмысы қатты толғандырады», – дейді Ермек Маржықпаев. Әлеуметтік шиеленісті жағдайдан әбден ығыр болған халық жақында тағы бір рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялады. Онда тұрғындар Президенттен айтқан өтініштері мен арыз-шағымына құлақ аспаған мемлекеттік органдардың қызметіне, сондай-ақ алтын өндіруші «Алтын алмас» және басқа да компанияларға кешенді тексеріс жүргізіп, одан Бестөбе кентінде кенді өндіруден лицензиясынан айырып, адал жолмен жерастынан өндіруді қолға алатын компанияға тапсыруды сұраған.P.S. Сонымен, бестөбеліктерді толғандырған мәселенің қашан түбегейлі шешімін табары әзірге белгісіз. Бұл орайда толғағы жеткен мәселеге Бас прокуратура, Парламент, сонымен бірге Президенттің өзі назар аударса деген елдің тілегі бар...
Ақмола облысы