Мемлекет қаржысы «майшелпек» емес
Мемлекет қаржысы «майшелпек» емес
© коллаж: Әсел Балтақызы
Былтыр Президент пәрменімен әр баланы тегін үйірмемен қамтамасыз етуді көздейтін бағдарлама іске қосылған. Жоба жалғасын тапса да, былығы бітер емес. Ұртын «майлағысы» келгендер үйірмелерге бірде-бір рет бармағанды да «барды» есебінде тіркеп, мемлекет қаржысын қалтасына басып отырған. Бірінде студенттер сабақ берсе, енді бірінде «өмірде жоқ» адамдар қызмет алушылардың қатарында жүр. «Шала» жоба атанған Аrt-sport жемқорлардың жемтігіне айналды ма?

ӘП-ӘДЕМІ ӘН ЕДІ, ПҰШЫҚ ШІРКІН ҚОР ҚЫЛДЫ

Иә, әп-әдемі бағдарлама еді, алайда ба­­лалар үйірмесіне бөлінген 28 млрд теңге қолды болды. «Әділдік жолы» респуб­ли­ка­лық қоғамдық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов Қазақстанда балалар үйірмелеріне бөлінген қаражат жымқырылып жатқанын мәлімдеген еді. Елде Президенттің тапсыр­масымен 5 984 өнер үйірмесі мен 3 289 спорт үйірмесі тегін құрылды. Ол үшін биыл 28 млрд теңге бөлінген. Талдаудың ал­ғашқы күні қаражаттың бір бөлігі ұрлан­ғаны анықталған. Түсіндіріп өтсек, https://artsport.edu.kz/ сайты бар. Сол сайтқа үйірмелерді ұйым­дастыратын кәсіпкерлер тіркеледі. Одан кейін ата-ана тіркеліп, мекенжайын көр­се­тіп, қалаған үйірмені таңдайды. Сабақ кес­тесі болады. Арнайы оқу бағдарламасы әзір­ленеді. Барлығы электронды табельге белгіленеді. Мәселен, футбол үйірмесін таң­дасаңыз, балаңыз сол үйірмеге 1 ай қа­тыс­қаннан кейін барған-бармағанын рас­тап, белгі қоясыз. Растап, белгі қойғаннан кейін операторға келіп түседі. Келіп түскен соң төленетін ақшаның сомасы анық­талады. Соған сәйкес, жергілікті бюджеттен ақша төленеді. Үйірмелер мен секцияларға 4-17 жастағы балалар тегін қатыса алады. Бір балаға заң бойынша екі үйірмеге дейін немесе екі спорт секциясына дейін жазы­луға мүмкіндік қарастырылған. Осылай іске асуы керек еді. Ал шынында оңай олжа тап­қысы келгендер Шымкентте жалған құ­жат жасап, оқу жоспарын өзгеден ұрлап ал­ған. Балалар мен жаттықтырушылар санын қағаз жүзінде көбейткен. Порталға 35 837 бала (ваучер) тіркелсе, оның 30 па­йызына қатысты заңбұзушылықтың бол­ғаны анықталды. Атап айтқанда, art-sport порталында ата-ананың телефон нөмірі ретінде мүлде бөтен адамдардың нөмірі көрсетілген. Қате электронды пошталар енгізілген. Тіпті, көптеген баланың ата-анасының нөмірі ретінде бір адамның телефон нөмірі тір­кеуде тұрған болып шықты. Баланың үйір­меге қатысу табеліне қол қою қажеттілігі туралы біраз ата-ана мүлде бейхабар. Қыз­мет көрсетушілер бір үйірмеге жазылған баланы екінші үйірмеге рұқсатсыз тіркеген. 4 жастағы бала мен 17 жасар жеткіншекті бір топта оқытқан. Аптасына 3 рет, айына 12 рет келуі тиіс баланы қатарынан 12 күн келді деп белгілеуі секілді өзге де өрескел заңбұзушылықтар болыпты. Айтпақшы, Шымкентте осы жағдайдан кейін Мәдениет басқармасы басшысы жұмыстан өз еркімен шығып кетті. Бірақ маман жұмыстан кетке­німен, мәселе шешілмеген секілді. Мем­лекеттің қаржысы қайтарылуы тиіс

БЫЛЫҒЫ ҚЫЛАҢ БЕРІП ЖАТЫР

Тексеру жұмыстары өзге де қалаларда жүргізіледі. Ендігі кезек астанада. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлес­тігінің басшысы Дидар Смағұлов «Бүгінде тексеру жұмыстарын жүргізу үшін елорда әкімдігіне жіберілген хатқа жауап берілуін күтіп отырмыз», – дейді. «Жауап бермесе де, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызмет, прокуратура арқылы құжаттарға қол жеткізіп, түбінде тексереміз. Жалпы, мұндай мәселелер бойынша жер­гі­лікті Мәдениет басқармасына жүгіну қа­жет. Сонымен қатар жемқорлыққа қаты­сы бар болғандықтан, біз де жауап береміз. Бірақ арыз жазуға дайын болса ғана. Себебі бізге жағдайды айтып хабарласқанмен, арыз жазғысы келмейді. Ал ондайда тексере алмаймыз. Сондықтан бізге жүгінсе, әділін анықтап, тегін көмек көрсетеміз», – деді Д.Смағұлов. Бас қалада қоғамдық кеңестер тексеру жүргізеді. Алайда «Үйірмелер санының көп болуынан бәрін тексеріп біту өте ұзақ процесс» деп отыр жауаптылар. Елордалық Ботагөз Паратхан үйірме жетекшісі бала­сының жеке сәйкестендіру нөмірін жазып алып, артынан хабарсыз кеткенін жеткізді. https://artsport.kz/ru/checkticket сілтемесі бойынша тексерсе, баласы екі үйірмеге ақпан айынан бастап тіркелген болып шықты. Сонда кәсіпкерлер құжат жүзінде үйірмелерге «барып жүр» деп көрсетіп, ауадан ақша жасап отырған сияқты. Кә­сіпкер А.Ибрагимоваға хат жолдап, түсінік­теме беруін сұрадық. Алайда ол бәрін жоққа шығарып, үйірмеге тіркелген баланың бәрі түгелімен қатысып жүргенін айтты. Кейін тір­кеуде тұрғанын және бірде-бір рет үйір­меге қатыспағанын дәлелдегенде, «Үйір­мелер кестесін анасына ескертуді ұмытып­пыз, арыз жазбаңыздаршы» деп жыларман болды. Артынша кәсіпкер А.Ибрагимова бала­ның анасына хабарласып, тіркеуден шы­ғару туралы өтініш жазуын өтінген. Оның өзінде өздерін «сүттен ақ, судан таза» етіп көрсету мақсатында «үйірмелерге наурызға дейін қатыстық. Сәуір айынан бастап тір­кеуден шығарып тастауды өтінемін» деп жаздырып алғысы келген. Бізден жасыр­ған­мен, баланың анасына қайта-қайта қо­ңырау шалып, арыз жазбауын өтініп, со­ған жауапты маманды жұмыстан шығара­мыз депті. Әйтеуір, арада әлсізін тауып, соны «құрбан ету» біздің қоғамның тағы бір дерті секілді. Тіпті, «үйірмеге қатысты деп жазылған күндер үшін өз қалтамыздан қаржы шығарып, қолыңызға ұстатамыз» деп жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа итермелеген. Бір ғана ата-ананың мәсе­ле­сіне үңілгенде осындай олқылықтардың бетін аштық. Қазбалай берсек, тағы біраз шикіліктің қылаң беретіні анық.

ҚАЙДА АРЫЗДАНУ КЕРЕК?

Сіз де балаңыздың https://artsport.kz/ru/checkticket сілтемесі арқылы тегін үйір­меге тіркелген немесе тіркелмегеніне көз жеткізе аласыз. Ол үшін жеке сәйкестендіру нөмірі мен аты-жөнін теру қажет. Егер балаңыз ешқайда бармаса, алайда ваучер бар деп көрсетілсе, біреу ақша ұрлап жатыр деген сөз. Заңды бұзу фактілері анықтал­са, 8 702 67 66 555 нөміріне хат жолдаңыз. Бұл – «Әділдік жолы» қоғамдық бірлес­ті­гінің байланыс нөмірі. Бағдарламаның міндеті мінсіз болға­нымен, дұрыс қадағаланбады. Ата-аналар балаларын сайт арқылы үйірмелер мен спорттық секцияларға тіркегенімен, қатыса алмады. Бірі топ жасақталмады десе, екін­шісі оқытушыларға төлейтін қаражаты жет­кіліксіз болып шыққан. Бұдан бөлек, бө­лінген бюджеттің мерзімі бітпей, таусы­лып қалғаны тағы бар. Кәсіпкерлер жұмы­сын қайта жалғастыру үшін қанша қаражат сұрағанмен, олардың өтініші қабылдан­байды. Қабылданбаған соң олар жалдау құ­нын төлей алмайды, қызметкерлер ақша­сын ала алмайды, ал балалардың үйірмелері мен спорттық қосымшалары тоқтайды. Қаржыландыру көлемі әр облыста әртүрлі. Қазірдің өзінде бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаражат жыл соңына дейін жеті аймақта жетпей қалған. Ал Түркістан облысы балалардың бос уақытын өткізуге ел бойынша ең аз сома бөлген. Ал бұл өңір бала туу мен көпбалалы балалар саны бойынша көшбасшы облыстардың бірі. Бірақ жергілікті жердегі атқамінер­лердің үнемшілдігі балалардың бос уақытын тиімді жұмсауға тұсау болды. Тегін үйір­мелер бойынша мәселелердің барын Мә­дениет және спорт министрі Дәурен Абаев та мойындап отыр. «Тек 2-3 облыста өтінімдердің көп ке­луінен проблема туындады. Үйірмеге қа­тысқысы келетіндердің саны жоспарда­ғы­дан көп болып шыққан. Бұл жерде мәселені шешудің бір жолы ғана бар. Біз қаржы­ландыру көлемін ұлғайтамыз. Бағдарлама әрі қарай жұмыс істей береді» деп мә­лімдеген министр. Осыдан 6-7 жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында да бала­бақшалар көптеп ашылды. Бағдарлама бас­талғанда үлкен үміт күттік. Бірақ тек­се­ріс кезінде құжатта бар бала ол жерге мүл­дем келмегені, тіпті балабақшаның ор­нын­да ескі сарай тұрғаны жайлы деректер анықталды. Тегін үйірмелер бағдарламасы да солай сұйылып барады. Бала үйірмеге барғанның өзінде нақты білікті мамандар оқыта ма, әлде өзін кәсіпкер деген кез келген адам қызмет көрсете ме, қадағаланса дейміз. Оқыту орындарда бейнебақылау камераларының болуы міндеттелсе, тағы да біраз шикіліктің барына куә болар едік. Сол үйірмеге апару, одан әкету де – ата-ананың міндеті. Ендеше баланың дерек­те­рін бергенде оның қандай мақсатта жазып алғанын неге сұрамады? Себебі жауап­кершілік аз, мән бермейді. Түбінде желге ұшып жатқан мемлекеттің қаржысы. Ал шын мәнінде бұл салық тө­леу­шілердің ақшасы. Біздің қоғам нем­құрайдылықтан арылса, бюджеттен бөлін­ген қаражатты баз біреулердің қалтасына бағыттауға жол бермес едік.