Биыл фильмдерді қаржыландыру қағидаларына түзетулер енгізген заңнамадағы өзгерістер кинематографистер ауылын алаңдатып отыр. Жаңа ережелерге байланысты киноорталықтың алдында тағы қандай міндеттер тұр? Бұған «ҰКҚМО» КЕАҚ басқарма төрағасы Есет Қосыбаев не дейді? – Соңғы жағдайлар қазақ кино саласына да әсерін тигізбей қойған жоқ. Осыған орай киноорталық арнайы брифинг өткізіп, елді алаңдатқан сауалдарға жауап іздеген екен. Жауап таба алдыңыздар ма? – Жақында мемлекеттік сатып алу қағидаларына енгізілген өзгерістер біз үшін де, барлық дерлік кинематографистер үшін де күтпеген жағдай болды. Бірақ біз түсіністікпен қараймыз, біріншіден, уақыт өте келе жаңа ережелердің (әлеуетті өнім берушілердің қаржылық тұрақтылығына қатысты талаптар – ред.)орнауы заңды, екіншіден, өкінішке қарай бұл жағдайда түбегейлі өзгерістер енгізу біздің құзыретімізде емес. Сондықтан уәкілетті органға (Мәдениет және спорт министрлігі – ред.) жүгіндік. Бізге бейімделу үшін біршама өтпелі уақыт керек. Мұндай мүмкіндік берілмесе, жаңа жағдайда жұмыс істеуге тура келеді. Қиын болары анық, өйткені көпшілік бұл өзгерістерге дайын емес. Бір жағынан мемлекеттік қолдау көрсету кезінде қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндер нарықтан кетеді. Ал берілетін ақша, естеріңізге сала кетейік, халықтікі. Соңғы 8-10 жылдың ішінде киноға бөлінген мемлекеттік қаражаттың қайтарымдылығы нөлдік көрсеткіште екені құпия емес. Құйылған қаражат пен кассаға түскен кірісті абсолют сандармен алатын болсақ, нәтижесі кісі күлерлік. Өткізілген брифингтер кезінде кинематография қоғамдастығы өкілдерінің наразылығы бар екенін көрсетті. Әрине, арасында біздің хабарландыруларды оқымайтын, тіпті олармен танысып шығу үшін сайтқа кірмейтін адамдар да бар, мұндайлар тек көпшілікті дүрліктіру үшін келеді. Бірақ біз кинематография қоғамдастығының ұтымды бөлігін, питчингке бара алатын лайықты және кәсіби адамдарға құлақ асамыз. Сондықтан осы брифингтердің арқасында өткен ашық диалог бұрыннан қажет еді. Кинематографистер ҰКҚМО-ның жабық клуб емес екенін, өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешуге және әрдайым қол ұшын созуға дайын ұйым екенін көруі тиіс. – Биыл байқау қалай жүріп жатыр? – Мәдениет және спорт министрлігі Сараптама кеңесінің құрамы жөніндегі қаулының шығуын жеделдетуге қатысты мәселені таяу арада шешеді деп үміттенеміз. Бұл киножобаларды іріктеуді уақытында өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл балдық бағалау жүйесін енгізіп көрмекшіміз. Жалпы, киноорталықтың алдында қазір маңызды міндеттер тұр. Бәрімізге парадигманы, кинематография қоғамдастығы қатысушыларының психологиялық принциптерін өзгертуіміз керек. Қайырымдылық пен альтруизм кезеңі аяқталды. Қазақстан экономикасы, сондай-ақ бүкіл әлемдік экономика елеулі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бізге байланысты емес мән-жайлардың салдарынан біз турбулентті аймаққа кіреміз, себебі жаһандық процестерге қосылғанбыз. Мемлекет бөлетін ақша «алтын жеңілдік» екенін нақты түсіну керек. Сондықтан біз бүгін кинематография саласына бөлінген мемлекеттік қаражаттың қайда жұмсалып жатқанына алаңдаушылық білдіріп жүрген салық төлеушілердің күткеніне сәйкес келетін нәтижені объективті және ашық түрде беру үшін сараптама кеңесін барынша жұмылдыруымыз керек. – Киножобаларды мемлекеттік қаржыландыруда тағы басқа өзгерістер бола ма? –Меніңше, ірі бюджеттік тарихи картиналарды қаржыландыру үкіметтік комиссияның құзырында болуы тиіс. Өз кезегінде киноорталық киноның нәтижеге бағытталған саласын қолдауға басымдық береді. Жаңа нарықтарды, оның ішінде халықаралық алаңдарды игеретін салаға басымдық болуы тиіс. Бізге, біріншіден, жақсы прокаттық әлеуеті бар фильмдерге назар аударған жөн. Екіншіден, фестивальдарға және отандық киноны шетелде ілгерілетуге бағытталған жобаларды қаржыландырумен айналысу қажет. Анимация – бөлек сала. Олар жеке блокпен қарастырылып, жеке бюджет қалыптастырылуы тиіс. Бұдан бөлек, анимациялық картиналарды қаржыландыруға өтінімдер қабылданатын жеке конкурс өткізілуі керек, ал жобаларды іріктеумен анимациялық киноны дамыту стратегиясын айқындайтын мамандар айналысуы тиіс. – Қолданыстағы «Кинематография туралы» заң саланың шынайы талаптарына жауап бере ме? – Біз Мәжіліс пен Сенат депутаттарының тобымен кездесуге дайындалып жатырмыз, онда осы заңға қатысты ең маңызды мәселелер талқыланатын болады. Заңның қазіргі талқыланып жатқан нұсқасын қайтарып алу керек деп пайымдаймын. Оны Мәжілістің қыркүйекте өтетін жаңа сессиясына енгізу үшін пысықтап, өзгерту керек. Ашық сұрақ көп, оның бәрін талқылап, заңда реттеу керек. Мемлекеттік органдар мен кинематографиялық қоғамдастықты қалай тұтастай үйлестіру жүзеге асырылатыны туралы мәселе өзекті болып тұр. Біздің қоғамдық ұйымдар, Кинематографистер одағы мен Кинематография академиясы баршамызды толғандырып жүрген мәселелерді көтеруде. Мен оларды толығымен қолдаймын, өйткені олар кинематографиялық қоғамдастықтың көп бөлігінің пікірін жеткізеді. Әрине, заңгерлер істейтін жұмыс көп. Бірақ жаңа көзқарасы бар сарапшыларды шақырған жөн. Оған қоса, жас кинематографистермен кеңейтілген кездесу өткізетін уақыт келген сияқты. Олардың көптеген нәрсеге, соның ішінде технологияға, өндіріс процесінде қолданылатын жаңа тәсілдерге деген ерекше көзқарасы көп көмектеседі. Заң шығару жұмысының тиімді нәтижесіне қол жеткізу үшін, жаңа заңды кинематографистердің талаптарына барынша жауап беретін және барлық өзекті сын-қатерді қамтитындай ету үшін, барлық күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек.
Әңгімелескен Айым БЕКТҰР