Құмаршық арман болып тұр
Құмаршық арман болып тұр
517
оқылды
Атыраулық ғалымдар түйе шұбатына құмаршық қайнатпасын қосып, иммунитет көтеретін сусын ойлап тапты. Ғылыми жетістіктердің қатарына енген сусынды халыққа ұсынуда қиындық туындап тұрған секілді. Ғалымдардың  еңбегі еш кете ме? ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы зұлматта Нарын, Тайсойған құмдарын жағалай қоныстанған ауыл халқы азықтық құрамы ерекше құмаршықты талғажау ету арқылы ашаршылықты еңсерген. Еспе құмды, ақ шағылды жерде өскен құмаршықтың қазақ халқын аштықтан аман алып қалғаны туралы дерек аз болғанымен, соңғы жылдары оның орны толықты. Атырау қаласында құмаршық өсімдігіне ескерткіш орнатылып, кітап та жарық көрді. «Құмаршықтан дайындалған нанның бір тілімін жеген адамның кешке дейін қарны ашпайды. Көжесін ішкен адам шөлге ұзақ шыдайды», – дейді ауыл қариялары. Ал енді осы құмаршықтың адам иммунитетін көтеретін қасиеті үшін көбейтіп, өнімін алғысы келгендердің әрекеттері нәтиже бермеген. Жергілікті тұрғындар «ерекше талғамды өсімдік» атап кеткен құмаршықты қанша баптаса да, шығара алмаған жандар оның жер талғайтынын, тұзды топырақта шықпайтынын айтып отыр. – Нарын құмының дәл кіндік тұсы ескі Үштаған ауылында дүниеге келдім. Қызығушылықпен құмда өскен шөптерді теңіз бойына өсіргім келді. Сол ниетпен құмнан үш түрлі шөп әкелдім. Жусанның биіктеуін әкеліп, егіп көргенім нәтиже берді. Жылда бір метрге дейін шығып, жұпар иісімен мас қылады.Мезгілімен күзеп отырамын. Екінші шөп — сағызды егу үшін жер дайындап, шағылдың құмын төседім. Ол тәжірибем күткенімдей нәтижесін бермеді. Ал тап сондай тәсілмен құмаршықты егіп, нәтижесін күттім. Құмаршық жақсы өсіп келеді де, бойын тіктей алмай шықпай қалады. Менің ойымша, тамыры жердің тұзды қабатына жақындағанда әлсіреп, шықпай қалады. Осы тәжірибелерімнен түйген ойым, бұл шөптер таза шағылды жерге шығады екен. Оның ерекшелігі де сол болып тұр, – дейді «Мақаш» ӨК төрағасы Жеңіс Әбілқайыров. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары да құмаршыққа тәжірибе жасап көрген. Бұған дейін «СафМая» қызылша қосылған шұбаты арқылы танылған биология ғылымдарының докторы София Сағындықова мен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Хансұлу Құспанғалиева бірлесіп жасаған тәжірибеде құмаршық қайнатпасы қосылған шұбаттың адам ағзасына пайдасы көп екені дәлелденген. –Құмаршық өсімдігін көптен бері зерттеп келеміз. Мәлімет аз, халық аузынан естігеніміз бар. Нақты зерттеу мақалалар аз екен. Арнайы Нарын құмына барып, Ақшағылдағы құмаршықты тамырымен әкеліп, өсірмек болдық. Нәтиже бермеді. Содан құмаршық өсімдігінің анатомиялық және физиологиялық процестерін зерттеп, көптеген мәлімет алдық. Құмаршық құрамындағы белсенді заттар мөлшері, азықтық құндылығын зерттедік. Құмаршықтан тағамға жарамды ұн алу технологиясымен танысып, одан нан, көже, талқан жасауға болатынын білдік. Зертханамызда талқан, көже,нан пісіріп көрдік. Көжесі аппақ сүттей бетінде шамалы май тамшылары болды. Бұл, яғни сүттегі барлық фермент минералды элементтерге бай, белок болатынын көріп, мөлшерін анықтадық. Тәжірибе нәтижелі болып, «Құмаршық шұбат сусыны» атауымен сусын дайындап потент алдық. Құмаршық пен шұбаттың қосындысынан ұнтақ пен таблетка түрінде шығаруға болады.Біздің тәжірибемізді дамытып, оны азық-түлік ретінде өндіру, халыққа ұсыну – құзырлы сала басшыларының жұмысы. Дегенмен әзірге біздің тәжірибемізге қызығушылық білдіріп отырған сала басшылары жоқ. Жалпы, Атырауда бұл өнімді өндіретін өндіріс те жоқ, Әйтпесе, құмаршық қайнатпасы қосылған шұбат ашып кетпейтін, ұзақ сақталатын өнім, –дейді Хансұлу Құспан­ғалиева. Түркия елінен келген ғалым Мұстафа Кемал құмаршық өсімдігі туралы деректерге қанығып, «Құмаршық дәні» композициялық ескерткішін көріп, жергілікті тұрғындардың ерекше ықыласына тәнті болыпты. Химия ғылымы саласының маманы Мұстафа Кемал құмаршықтың құрамын зерттеу үшін дәнін еліне алып кетіпті. Атырау облыстық Ауыл шаруашы­лығы басқармасы басшысы Амангелді Сағидоллаұлының айтуынша, Нарын құ­мында елді мекен жоқ. Мал шаруашы­лығымен айналысып отырған шаруа қожа­лықтары ғана бар. Ал құмаршықты шық­қан мезгілінде қағып жинап, оның дәнін әкелу ұзақ процесс. Жалпы, құмаршықтың өзінің шығуы да жаңбыр мен қар суына тәуелді болған соң ғалымдардың тәжірибесін жүзеге асыру оңай болмайтыны анық. Шынтуайтында, ұшқан құс, көбелек қонбайтын, кеміргіш пен құмырсқа да жо­ламайтын құмаршық өсімдігінің өнімдерін азық ету халыққа арман болып тұр.

Атырау облысы