Елімізде білім саласына жауапты қанша министр ауысқанымен, мектепішілік дәретхана мәселесі шешілмей-ақ қойды. Бір ғана Түркістан облысында 23 мектептің оқушылары қысы-жазы сырттағы әжетханаға барып жүр. "Оның өзі санитарлық талаптарға мүлдем сай емес" деген мамандар білім ошақтарының басшыларына ірі көлемде айыппұл салды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. Әжетханалары сыртта тұрған 23 мектептің 13-і Сарыағаш ауданында екен. Оның бірі Жүніс Мекенбаев басқаратын мектеп. Білім ошағының басшысы пандемиялық ахуал қаржы мәселесінде қолбайлау болды дейді. Сондықтан, балаларды жылы дәретханамен қамтамасыз ете алмаған. Бірақ мәселе келер оқу жылында толық шешіледі деп сендірді.
"Мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша мердігерлер анықталып жатыр. Сол жеңімпаз мердігерлер анықталса, биылғы жылға күрделі жөндеуге 160 миллион теңге бөлінген. Сол сметаның ішінде ішкі әжетханаларды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіледі", - деді мектеп директоры Жүніс Мекенбаев.Аудандағы білім бөлімінің басшылығы мектепішілік дәретханалардың тапшылығын жоққа шығарды. Айтуларынша, қомақты айыппұл тек әжетханалардың тазалық талаптарына сай болмауынан салынған. Дегенмен тұрғындар кей мектептерде жылы дәретхана орнатылғанымен, оны басшылық "музей" сияқты жабық ұстайтынын жасырмады. Аталмыш проблема өзге аудандарда да бар. Кемшіліктерге орай санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 29 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
"Білім беру мекемелеріне жүргізілген тексеру кезінде дәретханаларға қатысты денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитариялық талаптарға сәйкес келмеген 23 мектепті анықтады. Кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға 230 айлық есептік көрсеткіште айыппұл, яғни 670 мың теңге айыппұл салынған", - деді Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ардақ Берден.Санитарлық қызмет мамандары оқушыларға арналған дәретханалардың қыздар мен ұлдарға бөлек болмауын анықтаған. Әрі ондағы қол жуатын орындардың тазалық талаптарына сай келмеуін әшкерелеген.