Жамбыл облысында күйеуімен ажырасқан әйел артынан келген дүние-мүлкін сот арқылы қайтарып алды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сот дерегінше, ерлі-зайыптылар өткен жылдың маусым айында некеге тұрған. Қалыңдықтың туыстары ғұрыпқа сай ұзатылған қыздың жасауын апарып берген. Бірақ, арада көп уақыт өтпей-ақ екі жас ажырасады.
Осыдан кейін келіншек түскен үйінен жасауын қайтарып беруді сұраған. Алайда өтініші орындалмапты. Ақыры әйел амалсыз сотқа жүгінген. Сот тараптарға медиация арқылы дауды бейбіт жолмен шешуге кеңес берген. Нәтижесінде күйеу жігіт жағы 14 сәуірге дейін қалыңдықтың артынан келген мүлікті қайтаруға, ал талапкерлер келісілген күні өздеріне тиесілі жүкті тиеп алып кетуге міндеттеліпті.