Тараздағы әкімшілік ғимараттары мен қала көшелеріне қыруар ақшаға орнатылған сәнді жарық шамдары жыл өтпей күйіп, кейбіреуі үзіліп түсіп жатыр. Тұрғындар қыруар ақша бөлген қала әкімдігі мен жұмысын шала орындаған мердігерді жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды КТК арнасы.
"Бәрі сапасыз. Білмейміз, қайда кетіп жатқанын, біреу алып кетіп жатыр ма, қоқыс боп қалды ма? Демек қала қаражаты көкке ұшты, ысырап болды. Оған жауапты Тараз қаласының әкімі. Сол емес пе осы бағдарламаны ойластырған. Барлық желілерде айтты. Қаланы көркейту үшін осындай декор шам орнатамыз деген. Қане, жарқырап тұрғаны?!" - деді Тараз қаласының тұрғыны Хамида Беласарова.Орталық алаң, әкімшілік ғимараттар, негізігі көшелер мен әуежай сынды нысандарды сәнді жарықпен безендіруге қала әкімдігінен бақандай 102 миллион теңге бөлінген. Тапсырысты орындаған – алматылық фирма. Бұл компанияның жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. Айтуларынша, жұмыстың бәрі сапасыз. Сәнді шамдардың көбі ізім-ғайым жоғалған. Мына кадрларда оны белгісіз біреулердің жинап жүргені анық көрінеді. Бұны бассыздыққа теңеген бұқара енді ісіне салғырт қараған мердігермен қоса, қаржы бөлген әкімдікті де жауапқа тартуды талап етуде. Ал шенеуніктер шамдарды дүлей дауыл қиратты деп ақталды.
"2021 жылдың қараша айында жылдамдығы 28 метр сек болатын бораннан соң шамдар бірнеше рет жөнделді. Жыл басынан бері Таразда тағы да жойқын боран соғып, бар безендіру істен шыққан. Қазір аталған компанияның әлі де кепіл мерзімі барү Қауашақ тәрізді мафтармен жыл мезгілдеріне арналған жарық шамдары шешілген. Бүгінде жөнделіп жатыр, кепіл мерзіміне сай қайт орнатылады", - деді Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуаттегі.